Қол ұшын береді   

Баянауыл ауданындағы Ұзынбұлақ ауылында қайғылы оқиға орын алды. Көмір жағатын үйде тұрып жатқан отбасы ыстан уланып қаза тапты.  

Бекбатыровтар отбасының төрт бірдей мүшесі: 14 жастағы қыз және 11 жасар ұл бала әке-шешесімен бірге қаза тапты. Отбасының 17 және 18 жастағы қыздары бұл кезде  аудан орталығындағы жатақханада болған еді. Қайтыс болған отанасының құрсағында жеті айлық бала болған.

Қаза тапқан отбасының ер азаматы жақында ғана Қарағанды облысынан вахталық жұмыстан оралған еді. Ол Шұбаркөл көмір кенішінде жұмыс істейтін. Жанұяның жасы үлкен екі қызы Баянауыл аграрлық-техникалық колледжінің бірінші және екінші курсында білім алады. Олардың ең жақын туыстарынан әжелері мен апалары ғана қалды.  

– Баянауыл ауданының әкімдігі марқұмдардың екі қызына аудан орталығындағы үйден бір бөлмелі пәтер беру туралы шешім қабылдады. Бұл отбасы әлеуметтік осал топтардың қатарына жатады. Қыз балалар асыраушысынан айрылуына байланысты 50 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады. Қазіргі кезде олар дәрігерлер мен ұстаздарың қарауында, – деп хабарлады Баянауыл ауданы әкімінің аппарат басшысы Қайыргелді Әбілғазин.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов әлеуметтік қорғау қызметінің басшыларына әлеуметтік осал топтардағы отбасылардың тізімін құрастырып, оларға атаулы көмек көрсету туралы тапсырма берген еді. Аймақ басшысы әрбір көп балалы, тұрмыстық жағдайы төмен, асыраушысынан айрылған отбасылардың жағдайымен жіті танысып, олардың проблемаларын шешуді тапсырды.

Аудандағы жастар орталығы құрған «Қамқорлық аясы» қоғамдық қоры көмек қолын созып, қайырымдылық қаражатын жинауға кірісті. Жиналған қаржы Бекбатыровтар отбасының туыстарына тапсырылады.

Қордың реквизиттері мен мекенжайы:

Баянауыл, Бектұров көшесі, 9.

 БСН/ЖСН 130240029813

«Қазақстан халық банкі» АҚ шот нөмірі БСК HSBKKZKX ЖСК KZ636010361000006318. Байланыс телефондары: 8 777 940 99 60; 8 771 264 02 33; 8 705 178 24 41.


07/02/2019 60