Өзекті мәселе

Облыс әкімдігінде жанармайға байланысты жағдай талқыланды. Аймақ басшысы Болат Бақауов қалалар мен аудандардың әкімдеріне жанармай бекеттерінде бензиннің болуын және оның бағасын қадағалауды тапсырды.

Аппарат кеңесі кезінде облыс әкімі бейнеконференция байланысы арқылы қалалар мен аудандардың басшыларынан олар басқарып отырған әкімшілік-аумақтық бірліктегі жанармай қоры туралы сұрады. Анықталғандай кейбір аудандарда екі күнге жетер-жетпес жанармай бар екен. Ал, Ақтоғай мен Качир аудандарындағы АИ-92 маркалы бензиннің бағасы шарықтап, литріне 170 теңгені құраған екен.

– Бензиннің бір литрінің бағасы 160 теңгеден аспауы керек, – деді аймақ басшысы. – Облыс орталығындағы мұнай өңдеу зауыты 26 қазанға дейін жұмыс істемейтіндігін ескерсек, әр ауданда екі аптаға жетерлік жанармай қоры болуы керек.   

Бұдан бөлек кездесуде көмір мәселесі де сөз болды. Баянауыл ауданының әкімі оныншы қыркүйектегі жағдай бойынша Майкүбі кенішінде алпысқа жуық көлік кезекте тұрғанын айтты. Ұзын-сонар кезекті болдырмау үшін кенішке қосымша экскаваторлар жіберілген.

– Сіздің орынбасарыңыз кеніште түнесе де, кезекті болдырмауға күш жұмсауы керек, – деп тапсырды Болат Бақауов. – Жүк көліктеріне көмірді дереу тиеп, жолдардың жағдайын бақылауда ұстаңыз. Сізден Майкүбі мен Талдыкөл кеніштері бойынша апта сайын есеп күтемін. Әр әкім өзі басқаратын қала немесе ауданға қазіргі кезде қанша көмір қажет екенін анықтап, алдағы екі апта ішінде оны аудан тұрғындарына жеткізуі керек.


11/10/2017 65