Ақтоғайлық полицейлерге автокөлік, ал мұғалім мен дәрігерге пәтер берілді

Ақтоғай ауылында жергілікті полиция қызметінің әкімшілік ғимаратының тұсауы кесілді және жас мамандарға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов қатысты.

Дүйсенбай Тұрғанов Ақтоғай ауданының жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерін жаңартылған ғимаратқа көшулерімен құттықтап, оларға табыс тіледі.

– Жергілікті полиция қызметінде еңбек ету – жауапты да маңызды іс. Полиция қызметкерлеріне азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғау бойынша ауыр міндеттер жүктелген, – деді құттықтау сөзінде Дүйсенбай Тұрғанов. – Олар еліміздегі бейбіт өмір үшін күн сайын өздерінің өмірі мен денсаулығын қатерге тігеді. Полицияның оң беделі сіздердің жұмыстарыңыздың жақсы нәтижесімен тікелей байланысты.

Полиция қызметкерлеріне демеушілік көмекті «Промгорсевис»  ЖШС және «Энергия» ЖШС басшылығы көрсетіп отыр. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында осы екі серіктестік өз қаражаты есебінен Ақтоғай ауданының жергілікті полиция қызметі үшін арнай жабдықпен жарақталған автокөліктер сатып алуды шешті. Екі серіктестіктің директорлары Хабылбеков Асхат  пен Игушкин Илья учаскелік полицейлерге жаңа автокөліктердің кілттерін салтанатты түрде табыс етті.

Сондай-ақ Ақтоғай ауданына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша келген жас мамандар жаңа пәтердің кілтін алды. Екі пәтерлік үйге Абай атындағы ЖОМ-ның орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Сейілханова Жанар және аудандық аурухананың жалпы тәжірибе дәрігері Мұсақанова Аяулым қоныстанды. Бұл үйді «Стальмонтаж» фирмасы мемлекеттік-жеке серіктестік аясында салып берген. Үйдің жалпы алаңы 168 шаршы метр, құрылыс құны – 16,3 млн. теңге.


10/11/2017 88