Аймақ қарқынды дамуда

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Павлодар облысына жұмыс сапарымен келіп кетті. Ол бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралап, өңірдің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары алдымен түсті металлургия колледжіне барды. Онда колледж студенттерімен кездесу барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс орталығында  болғанын айтып, «Сарыарқа» шағын ауданындағы құрылыстың жылдам жүріп жатқанына тәнті болды.

– Павлодарға келген сайын үнемі жаңа дүниемен таныс боламын және бұл жағдай мені қатты қуантады, – дейді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары. – Бұрын Алюминстрой шағын ауданындағы кеңес дәуірі кезінде салынған ескі үйлерді естеріңізге алыңыздар. Көзге оғаш көрінетін еді. Сол үйлер бес-жеті жыл қыстау үшін тұрғызылған болатын. Дегенмен Кеңес Одағы құлағанмен, сол үйлер әлі сақталып тұрды. Қазіргі таңда әкімдік бұл істі қолға алды. Мұнда қамыштан тұрғызылған 40 үй сүріліп, жаңадан көпқабатты үйлер бой көтеруде. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін Павлодар қаласы шырайлана түседі. Бұдан басқа, астаналық мейман жаңа шағын ауданның айналасындағы инфрақұрылымның дамуына, әсіресе «Batyrmall» ойын-сауда орталығына назар аударды. – Бұрын сол жерде балалар шомылатын тайыз бассейн болатын, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. – Қазір бұл жер өте әдемі: судың түбін тазартып, үйректер мен шабақтар жіберілген, қасында молл, дәмхана мен мейрамханалар, мұз сарайы орналасқан. Осылай даму керек. Павлодар – берекелі өлке.

Түсті металлургия колледжінде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары жаңа жатақхананың ашылуына қатысты. 200 орынға арналған баспана Павлодар облысының әкімдігі мен ERG компаниясының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында салынған.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары содан соң «Павлодар» арнайы экономикалық аумағына аттанды. Мұнда ол «Guissenhaus» ЖШС-нің қоспалы алюминий өндіретін зауытын аралады. Мәлім болғандай, кәсіпорында бір конвейер және бір пеш іске қосылып, сынамалы өнімнің 5 тоннасын шығарып та үлгерген. Әкімшілік-тұрмыстық кешен салынып болған соң басшылық тағы бір конвейер орнатуды жоспарлап отыр.

– Қазіргі уақытта біз Ресейдің «K&K» компаниясымен келісімшартқа қол қойыстық. Олар бізден металл сатып алып, олардан оңай балқытылатын автомобиль дискілерін шығаратын болады, – дейді «Guissenhaus» ЖШС директорының орынбасары Руслан Ыбраев. – Оған қоса, өнімімізді Германияға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, өткізу нарығы жағынан еш қиындық туындамайды.   

Мұхтар Құл-Мұхаммед Павлодар облысы әрқашан еліміздің басты индустриялық орталықтарының бірі болғанын атап өтті. Қарқынды индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында аймақта 1,1 триллион теңге игеріліп, 600 жаңа жұмыс орнын ашумен 35 жаңа кәсіпорын салынды.


12/09/2017 47