Алғашқы дискілер шықты

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Павлодарда алюминийден жасалған алғашқы автокөлік дискісі шығарылды. Қоспалы алюминий шығаратын «Giessenhaus» ЖШС негізінде жұмыс істейтін «K&K» компаниясы өзінің алғашқы өнімін таныстырды.

Павлодарда жеңіл балқымалы автокөлік дискілерін жасап шығаруды «КиК Павлодар» кәсіпорны қолға алып отыр. Бұл кәсіпорынның құрылтайшысы  – ресейлік «K&K» компаниясы. 2020 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс жобаның құны 6,7 миллиард теңгені құрайды.

– Бүгін тек Павлодарда ғана емес, бүкіл Қазақстанда алюминий дискілері жасала бастады, – деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өнімді таныстыру рәсімі барысында. – Павлодарда қоспалы алюминийді жылына 36 мың тонна көлемінде шығарса, ол бізге жеткіліксіз болады. Жуық арада біз алюминийден басқа да өнім шығара бастаймыз.

– Біздің есептеуіміз бойынша, арнайы экономикалық аймақта жасалып отырған жеңілдіктердің арқасында Павлодарда автокөлік дискілерінің өндірісі Ресейге қарағанда арзандау түседі, – деп атап өтті “K&K” компаниясының бас директоры Сергей Мельников.- Қазір бізде төрт қоспалы машина жұмыс істейді, келер жылдың қаңтарында тағы екеуі іске қосылады. Оған қоса, өз қажеттіліктеріміз үшін жаңа корпус салудамыз.

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан және әзірше «Giessenhaus» ЖШС негізінде жұмыс істейтін «K&K» компаниясы жылына 1 миллион диск шығаруды жоспарлап отыр. Оның 50 пайызға жуығы экспортталатын болады. Зауыт кеңейтілген соң 200 жаңа жұмыс орны құрылмақ.


30/11/2017 130