Алтын мен Қола

Павлодар облысының екі бірдей оқушысы халықаралық додаларда топ жарды. Павлодар қаласының №8 лицей-мектебінің 10 сынып оқушысы Саха Республикасының Кіші ғылым академиясы ұйымдастырған XXIV  Халықаралық «Туймаада» олимпиадасында үшінші орынға ие болса, облыстық мамандандырылған «Жас дарын» мектебінің он бірінші сынып оқушысы Мұхамед-Әлі Әмір Рио-де-Жанейро қаласында 12-23 шілде аралығында өткен 58-ші Халықаралық математикалық олимпиадада бірінші орынға ие болды.  

Халықаралық олимпиадалардың негізгі мақсаттары мен міндеттері оқушылардың зияткерлік потенциалын дамытуды ынталандыру, оларды нақты ғылыми пәндерге деген қызығушылықтарын арттыру, халықаралық әріптестіктің көкжиегін кеңейту.

«Туймаада» олимпиадасына Румыния, Сингапур, Индонезия, Қазақстан, Татарстан, Ресей Федерациясының Мәскеу, Калининград облыстары мен Новосібір қаласынан 14 команда қатысты. Басов Ярослав олимпиадаға физика пәнінен қатысып, жоғары білім деңгейін көрсетті. Оның олимпиадаға дайындауға №8 мектеп-лицейдің дарынды ұстазы Билида Анатолий айналысты.    

Мұхамед-Әлі Әмірдің халықаралық олимпиадаларда жеңіске жетуі алғаш рет емес. Ол бұған дейін республикалық пән олимпиадаларында үш жыл қатарынан жеңімпаз атанып, Жәутіков атындағы ХІІІ Халықаралық олимпиадада алтын медаль, XVI Халықаралық «Жібек жолы» математикалық олимпиадада күмс медаль жеңіп алған еді. Мұхамед-Әлі өткен жылы Гонконгте өткен 57-ші Халықаралық математикалық олимпиадада да бірінші орынды жеңіп алған еді. Осы жылы да ол жеңіс тұғырынан көрініп, алтын медальге қол жеткізді. Мұхамед-Әліні байқауларға «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің жоғары білікті математика мұғалімі Текенов Арыстан дайындайды.


25/07/2017 38