Автомобиль дискілері өзімізде шығарылады

Павлодарда алюминийден жасалған автомобиль дискілері шығарылатын болады. Осы өнімді жасаумен айналысатын «К&К» компаниясының директоры Сергей Куклин облыс әкімі Болат Бақауовпен кездесу кезінде арнайы экономикалық аймақта өндіріс алаңын ашу туралы жоспарымен бөлісті. 

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында болған компания басшысы Палодар облысында өндіріс ашуға  компанияның негізгі алаңы орналасқан Красноярск облысына қарағанда анағұрлым тиімді  жағдай бар екендігін айтты. Сонымен қатар, арнайы аймақта қоспалы алюминий жасап шығаратын  «Giessenhaus» ЖШС-ің орналасуы да оның шешіміне оң әсері тигізді.

– Өндірісті осы жылдың соңына дейін іске қосу үшін «Giessenhaus» серіктестігінің басшылығы бізге өз алаңдарының біраз бөлігін сұынды. Біз мұнда 6 қорытпа машиналарын қоятын боламыз, – деді Сергей Куклин. – Алдағы екі айдың ішінде біз қажетті құрал-жабдықтарды әкелетін боламыз. Жоспар бойынша өндірістің бірінші кезеңінде біз құйма дисктер шығаратын боламыз. Ал, олардың бекіту тесіктерін бұрғылау, дайын дисктерді бояу жұмыстары Ресейдің аумағында іске асырылатын болады. Екінші кезеңде біз өндірісті кеңейтіп, толықтай дайын өнімді жасап шығаратын боламыз.

– Біз «Павлодар» АЭА-да орналасқан зауыттар тиімді жұмыс істегенін қалаймыз. Сондықтан, оларды шикізатпен қамтамасыз етіп, дайын өнімді нарыққа шығаруға көмектесуге әзірміз, – деді Болат Бақауов. – Павлодар облысы инвесторлармен қоян-қолтық әрекеттесіп, оларды барынша қолдауға әзір.

«К&К» компаниясының нарықтағы еңбек өтілі 25 жыл, қуаттылығы – жылына 2 миллион автомобиль дискілері. Кәсіпорын дайын өнімдерді «ВАЗ», «Рено» автомобиль зауыттарына жеткізумен айналысады.  

    

 


09/08/2017 22