Балдырғандарға қуаныш сыйлайды

Качир ауданының Львовка ауылында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде бала бақша салынып жатыр. Ауданға жұмыс сапарымен келген Павлодар облысының әкімі құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты.

Құны шамамен 50 миллион теңгені құрайтын бала бақша «Вильгельм» шаруа қожалығының қаржысына салынып жатыр. Кәсіпорын басшысы Александр Вильгельм «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде   туған ауылына осындай керемет сыйлық жасап отыр. Бала бақша құрылысы аяқталғаннан кейін оны жиһазбен және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ғана қалады.  

– Бала бақшаға қажетті жиһазды босап жатқан шағын орталықтардан алуға болады, – деді білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітова. – Ас плиталары мен кір жуғыш машиналарды сатып алуға аудан басшылығы көмектеседі.  

Болат Бақауов кәсіпкерге алғыс айтып, бастаманы қолдайтынын білдірді. Александр Вильгельм өз кезегінде бала бақшаға әкелетін көшеге асфальт төсеуге көмек сұрады. Облыс әкімі жыл соңына дейін қаржы бөлінсе де, жұмыстар қысқы уақытқа килігіп, асфальт сапасыз болуы мүмкін екенін айтып, бұл мәселені келесі жылдың еншісіне қалдырды.  

Сонымен бірге, облыс әкімі №2 Песчан орта мектебінің ауласында құстар мен аңдардың мүсіндерін жасап орнатқан әлеуметтік педагог Марат Аленовке қол ұшын созды.   

– Мұндай ғажайып мүсіндерді жасау әркімнің қолынан келе бермейді, – деді Болат Бақауов. – Шерберлерге көмектесіп, оларға өз кәсібін ашуға жәрдемдесу керек. Мүсіндерді көрген халық оларды өз ауласының сәнін келтіру үшін сатып алары сөзсіз. Мен Павлодар қаласының әкіміне шебердің мүсіндерін қаланы көріктендіру үшін қолдану туралы ұсыныс жасайтын боламын.

Аймақ басшысы кәсіпкерлік басқармасының жетекшісіне Марат Аленовке бизнес-жоба құрастыру арқылы өз ісін ашуға көмектесуді тапсырды.

 

 

 


03/08/2017 124