Павлодарда татулығы жарасқан тілдер мерекесі өтті

Қазақстан халқы тілдерінің XIX республикалық фестивалі және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында жастардың, тіл жанашырлары және этномәдени орталықтары өкілдерінің атап айтқанда, неміс, татар-башқұрт, шешен-ингуш, поляк және басқа да этномәдени бірлестіктердің қатысуымен Павлодарда тілдер айлығы өткізілді.

Қазақстан халқы тілдерінің күні Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығымен жарияланып,  республикада жыл сайын қыркүйек айының үшінші жексенбісінде тойланып келеді.

Фестивальдің негізгі мақсаты әр ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттау, жастардың тілге деген қызығушылығын арттыру және біздің елімізде тұратын әр ұлттың ерекшелігі мен құндылығын көрсету.

22 қыркүйекте «Тіл-достық құралы» атты фестиваль тіл саясаты туралы фильммен және тіл саясатын насихаттау мен дамытуға үлес қосқан тұлғаларды марапаттаумен басталып, концерттік бағдарламамен жалғасты.

Жалпы аталған тілдер айлығы шеңберінде облыстың қалалары мен аудандарында елімізде тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, тарихын және тұрмысын насихаттайтын 200-ге жуық іс-шара, сондай-ақ тілдерді меңгеруге арналған байқаулар, дөңгелек үстелдер, концерттік бағдарламалар мен конференциялар ұйымдастырылып өткізілді.

Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Сәуле Османова аталған мерекеде құттықтау сөз сөйлеп, тіл – халықтың тарихы, мәдениеті мен өркениетке қол жеткізудің кілті, халықтар арасындағы достық, бірлік және келісім тірегі екенін атап өтті.

Облыстағы қала, аудандарда латын қарпіне көшу туралы қоғамдық тыңдаулар өтті

15-21 қыркүйек аралығында Екібастұз қаласы және Качир, Успен, Ақтоғай, Железин, Ертіс, Май  аудандарында қоғамдық тыңдау өтті.

Тыңдауға тіл жанашырлары, зиялы қауым өкілдері, қалалық және аудандық «Нұр Отан» филиалының мүшелері және облыстық жұмыс тобының мүшелері қоғам өкілі Ульян Мақұл, С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты. А.Ф. Зейнулина, С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Г.Т. Кәріпжанова, ПМПИ-дың профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ы.Б. Шақаман  қатысты.

Шараға қатысушылар мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесін талқылады.

 

Павлодар облысының

тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы

«Алаш арыстары» облыстық жас ақындар мүшәйрасы

Павлодар облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханасының конференц залында «Туған жер» бағдарламасы аясында, Алаш Орда қозғалысының 100 жылдық мерейтойына және Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына орай, сондай-ақ тілдерді дамыту мен қолданудың 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп табу және қолдау мақсатында «Алаш арыстары» атты жас ақындар мүшәйра-конкурсының марапаттау рәсімін өткізді.

Байқауға 16-25 жас аралығындағы талапкерлер қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Жыр додасына облысымыздың қала, аудандарынан келген үміткерлер өз бақтарын сынады.

Бәйгеде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің І курс студенті Досжан Мұратбекұлы өз қарсыластарынан оқ бойы озып, І орынды иеленді. ІІ орынға Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Әбдіраимов Ердәулет, ІІІ орынға Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ІІ курс студенті Күмісбек Данагүл ие болды. Сонымен қатар әділ қазылар алқасының ұсынысымен Баянауыл ауданы, Ш. Айманов атындағы жалпы білім беретін мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Арғынбай Азамат арнайы ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

 

Павлодар облысының

тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы

«Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» конкурсының қорытындысы шығарылды

«Туған жер» бағдарламасы және Қазақстан халқы тілдерінің ХІХ республикалық фестивалі аясында, сонымен қатар Тілдер мерекесіне орай 2017 жылғы 15 қыркүйекте «Достық үйінің» акт залында Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» облыстық конкурсының жеңімпаздары мен қатысушыларын марапаттау рәсімі өткізілді.

Облыстық конкурстың өткізілетіні туралы ағымдағы жылдың тамыз айы бойы облыстық «Халық радиода» жарияланып, ережеге сәйкес 15 үміткер өтінім білдіріп, халықпен жұмыс істеп жатқан сәтін түсіріп, бейнероликтерді ұсынды.

Конкурсқа халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметшілері, түрлі деңгейдегі банктер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлер, жалпы қызмет көрсету саласындағы қызметкерлер қатысты.

Аталмыш конкурста үшінші орынды «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Павлодар облыстық филиалының жетекші маманы Дилара Шайменова, Павлодар қаласындағы «Ксеll» АҚ-ның аға өкілі Әлия Ағыбаева екінші орынды, «Стиль» сұлулық салонының шебері Ғалия Серікбаева бірінші орынды иеленді.

 

Павлодар облысының

тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы

 

Павлодарда жаңа латын әліпбиін енгізу туралы қоғамдық тыңдау өтті

12 қыркүйекте Павлодарда мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу туралы қоғамдық тыңдау өтті.

Тыңдауға облыстық мәслихаттың төрағасы В.А. Берковский, облыстық «Нұр Отан» филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.С. Теренченко, облыс әкімінің орынбасары М.М. Бегентаев, жоғары оқу орындарының ғалымдары, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шараның қатысушылары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын іске асыру жөнінде құрылған Ұлттық комиссиясы жұмыс тобының ағымдағы жылғы 11 қыркүйекте парламенттік тыңдауда айтылған ұсыныстарын талқылады.

Қоғамдық тыңдау қорытындысы бойынша қоғамдық пікір көшбасшыларынан, қоғам өкілдерінен, аймағымыздағы ғылым мен мәдениет саласының қайраткерлерінен  ұсыныстар қабылданды.

«Қазтест» жүйесі бойынша кезекті тест тапсыруда

  • Облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесе, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нәтижелі көрсеткіштерін орындау мақсатында 2017 жылғы 11-15 қыркүйек аралығында «Қазтест» жүйесі бойынша тестілеу өткізуде.
  • Кезекті тестілеуге облыстың мемлекеттік қызметшілері, мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдары мен бюджеттік сала қызметкерлері, жалпы 2000-нан аса адам қатысатын болады.

Қазіргі заманғы культтік маңызы бар нысанға бару ұйымдастырылды

Елбасымыз өз мақаласында «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі» – деген болатын.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру бойынша жұмыстарды жандандыру мақсатында Павлодар облысының киелі жерлеріне барудың «Қасиетті жерлерге саяхат» ауқымды акциясы шеңберінде облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы 8 қыркүйекте қазіргі заманғы культтік маңызы бар нысан болып табылатын Хазірет Ғабдыл-Уахит кесенесіне зиялы қауым өкілдерімен баруды ұйымдастырды.

Хазірет Ғабдыл-Уахит кесенесі – хазіреттердің бірі жерленген Қазақстандағы қасиетті жерлердің бірі болып табылады. Оның ерекшелігі «хазірет» атағы Бұхара қаласындағы  «Мір Араб» медресесінде мыңдаған  шәкірттердің арасында бір ғана адамға тағайындалады. Кесене Шарбақты ауданының «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орманының аймағында орналасқан. Хазірет Ғабдыл-Уахит қасиетті адам болды. Сырқат адамдарды емдейтін, болашақты болжайтын, мұқтаждарға қолынан келген жәрдемін берген, осы қасиеттері үшін үлкен құрметке ие болған.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы шеңберінде қыркүйек айы біздің аймақ үшін қасиетті орындарға бару айлығы болып жарияланды. Басқарманың бастамасы бойынша зиялы тұлғалар үшін облыс тұрғындарына Ертіс өңірінің киелі жерлер картасына енгізілген нысандар ұсынылды. 15 зиялы қауым өкілінен тұратын – Қазақстан жазушылары Одағы Павлодар филиалының төрағасы Арман Қани, «Нұр Ана әлемі» ҚБ төрайымы Б.Ш. Максилова, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық  филиалы төрағасының орынбасары Қ.Қ. Шаяхметов, қалалық, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері және қоғам қайраткерлері аталған акцияны қолдап, Шарбақты ауданының қасиетті жерін көріп келді.

Тілдарын» облыстық олимпиадасы

2017 жылғы 8 қыркүйекте С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Тілдарын» облыстық олимпиадасы өткізілді. Іс-шараның ұйымдастырушысы Павлодар облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы.

Іс-шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ Қазақстан халқы тілдерінің XIX республикалық фестивалі шеңберінде ұйымдастырылды.

Олимпиаданың мақсаты үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген дарынды жастарды анықтау және қолдау, көптілді тұлғаны қалыптастыру болып табылады.

Олимпиадаға қала және аудан көлемінде іріктеуден өткен 18 және 22 жас аралығындағы 13 жеңімпаз қатысты. Әділқазылар алқасымен үш тілді жетік меңгерген жеңімпаздар анықталып, барлық қатысушылар басқарманың арнайы дипломдарымен, алғысхаттарымен және сыйлықтарымен марапатталды.

Шараның қорытындысы бойынша I жүлделі орынға Шарбақты ауданының үміткері Гүлмира Каменова,   II  орынға Качиры ауданының намысын қорғаған Үміт Амринова лайықты деп танылды,  ал   III орынды Екібастұз қаласынан келген Оспан  Мадина иеленді. 

Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті

Облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Қазақстан Республикасы халқы тілдерінің XIХ республикалық фестивалі және «Туған жер» бағдарламасы аясында
2017 жылғы 6 қыркүйекте «Достық үйінінің» акт залында Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауын өткізді. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, талантты жастарды табу мақсатында өткізілген шараға 17-29 жас аралығындағы облыстың қала, аудандарынынан 13 үміткер қатысты.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Байқау шарты бойынша үміткерлер бірінші кезеңде қазақтың белгілі жазушыларының көркемдігі жоғары прозалық шығармаларынан үзінді оқыса, екінші кезеңде поэзиядан үзінді оқыды. Сөз өнерінің қадір-қасиетін теңдессіз суреткерліктері арқылы жеткізе білген жазушылармен қатар, Оралхан Бөкейдің шығармаларын мәнерлеп оқыған қатысушыларды қазылар алқасы балдық көрсеткіштер бойынша анықтады. Сөйтіп, қазылар алқасының шешімімен жүлделі үшінші орынды Құсайын Аңсаған (Ақтоғай ауданы) иеленсе, екінші орынды Әміренова Үміт (Качир ауданы) қанжығасына байлады, Бахатхан Оразбек (Ақсу қаласы) байқаудың жеңімпазы атанды. Енді жеңімпаз республикалық кезеңде өңіріміздің намысын қорғамақ.

Тілдер айлығы жарияланды

Тілдерді дамыту мен қолданудың 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары шеңберінде және Қазақстан халқы тілдерінің XІХ республикалық фестивалі аясында Павлодар облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен  22 тамыз бен 22 қыркүйек аралығы Павлодар облысында «Тілдер айлығы» деп жарияланды.

Тілдер айлығы ресми түрде ағымдағы жылғы 22 тамызда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы негізінде ұлттық рухымызды мәңгі есте сақтау мақсатында жыр-дастандар мен Абайдың қара сөздерін нақышына келтіріп жатқа оқитын Д.С. Асеновтің «Мен Абайды оқимын!» атты ағартушылық-поэзиялық кешімен ашылды. Аталған шараға «Ардагерлер үйі» облыстық орталығының, «Замандас» ардагерлер клубының және «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері қатысты.

Жалпы айлық шеңберінде облыс қала, аудандарында 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылатын болады. Оның ішінде көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы, «Тілдарын» олимпиадасы, «Мемлекеттік тілде ең үздік қызмет көрсету» және «Алаш арыстары» жас ақындар мүшәйрасы және т.б.

Тілдер айлығы 2017 жылғы 22 қыркүйекте «Тіл – достық құралы» атты концерттік бағдарламамен аяқталады.