Облыс жөнінде

Павлодар облысы 1938 жылғы қаңтар айында құрылған. Облыс орталығы – Қазақстанның ең әдемі қалаларының бірі – Павлодар қаласы, ол Қазақстанның аса ірі өзені болып табылатын Ертістің жағасында орналасқан.

Облыс Қазақстан Республикасының солтүстік-шығысында орналасып, солтүстікте – Ресей Федерациясының Омбы, солтүстік-шығыста – Новосібір облыстарымен, шығыста – Алтай өлкесімен, оңтүстікте – Қазақстан Республикасының Шығыс-Қазақстан және Қарағанды облыстарымен, батыста – Ақмола және Солтүстік-Қазақстан облыстарымен шектесіп жатыр.

Аймақтың осылай орналасуы оған басқа мемлекеттермен және Қазақстан облыстарымен Онтүстік-Сібір және Ортасібір теміржол магистралі бойынша автомобиль, авиациялық, электрондық, құбырлық және өзен көлігімен қатынас жасауға мүмкіндік береді.

Ертістің Павлодар өңірінде бәрі бар: ұшы-қиырсыз дарқан дала, қайыңға оранған тоғайлар, қарағайлы ормандар, таулар мен көлдер. Облысты ежелгі қара Ертіс өзені қақ бөледі деп айтуға болады. Оның жайылмасы да бірегей әрі өсімдікке өте бай.

Өңірдің аса ірі бөлігін қазақтар ежелден «Сарыарқам – Алтын далам» деп атап кеткен тегіс дала алып жатыр. Бұл жер, шынымен, қазба байлықтарға тұнып тұр.

Облыс аумағында Ертістің Павлодар өңірінің інжу-маржаны, Қазақстан Республикасының әсем жерлерінің бірі Баянауыл орналасқан. Шексіз жазық даладағы табиғаттың осы бір бірегей туындысының сұлулығы таңқаларлық. Таулары, қарағайлы ормандары, жануарлар әлемі, Жасыбай, Торайғыр, Сабындыкөл көлдері ұмытылмас әсер қалдырады. Бұл жер жыл сайын Қазақстан мен Ресейдің түкпір-түкпірінен келетін мыңдаған туристердің сүйікті демалыс орнына айналған.

Павлодар облысының климаты шұғыл континентті, оған ұзаққа созылатын қыс (5,5 ай) пен ыстық әрі қысқа жаз (3 ай) тән болып келеді.

Павлодар облысы – Қазақстанның басты индустриалдық өңірлерінің бірі. Мұнда дәстүрлі күрделі өндірістер мен минералды және көмірсутекті шикізатты игерумен айналысатын кәсіпорындардың оңтайлы үйлесімділігі бар ТМД-нің экономикалық кеңістігіндегі аса ірі аумақтық-өндірістік кешен қалыптасқан.

Облыстың орасан зор табиғи-ресурстық және жоғары ғылыми-техникалық әлеуеті, дамыған өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымы, оның Орталық Азия мен Сібір арасындағы байланыстырушы рөлі өзге елдер мен континенттердегі өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің назарын өзіне аударуда.

Сонымен қатар экономикалық деңгейдің осы көрсеткіштеріне өңірдің өзге де салаларын, мәселен, дамыған банк саласын, шағын және орта бизнестің қарқынды дамуын, біліктілігі жоғары мамандар, қазіргі заманғы көліктік-коммуникациялық инфрақұрылымды, шетелдік инвесторларды, мемлекеттік даму бағдарламаларын қосуға болады

Павлодар облысы аумағында көп салалы индустриялдық кешен қалыптасқан. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті ірі экспортқа бағытталған өнеркәсіптік компаниялармен анықталады. Олар көмірді, электр және жылу энергиясын, алюминий тотығын, ферроқорытпаларды өндіреді. Облыс үлесіне республиканың өнеркәсіптік өндірісінің 7%-ы, республикалық көмір өндірісінің 70%-ы, ферроқорытпалар өндірісінің 3/4, электр энергиясы мен мұнай өнімдері өндірісінің 40%-ы тиесілі. Облыстың әлеуеті химия, машина жасау және металл өңдеу салалары кәсіпорындарының дамуына жеткілікті.

Облыста түрлі меншіктік нысандағы 5 мыңға жуық кәсіпорын белсенді қызмет етеді. Бұдан басқа, өңірде ауылшаруашылық өнімдерінің шикізат базасы мен оларды өңдеуге арналған өндірістік қуаттылығы бар. Екібастұз электр станциялары, Ақсу ГРЭС, сондай-ақ Павлодар өнеркәсіп кешенінің энергияны қажет ететін кәсіпорындарына қызмет етуші бірқатар ірі жылу станциялары Қазақстанның энергетикалық жүрегі болып табылады. Осы электр станцияларының артықшылығы – көмір және электр мен жылу энергиясын тұтынушыларға жақын орналасуы.

Облыста ауыл шаруашылығына да көп мән беріледі. Өңірдің ауылшаруашылық алқаптарының ауданы 11,2 млн. га құрайды. Өңірде негізгі өндірілетін дақыл – бидай, ол егіс алқаптарының жартысынан көбінде егіледі. Егін алқаптарының 15-17%-ға жуығы басқа дәнді дақылдарға тиесілі. Бұдан басқа, облыста картоп, көкөніс және бақша дақылдары өсіріледі.

Аймақтағы өнеркәсіп әлеуеті көлік коммуникациялары мен көліктік-экономикалық байланыстарды кеңейту қажеттілігін туғызды. Облыста күрделі көліктік-коммуникациялық торап бар: мұнда Қазақстан ішіндегі оңтүстікке қарай өтетін (Шымкент қаласына) ең ірі мұнай құбыры басталады, Қазақстан мен Ресейдің түрлі өңірлеріне тартылған электр қуатын алысқа тарату желілері, Ертіс-Қарағанды-Жезқазған арнасы, Ресейге, елдің орталығы мен оңтүстігіне баратын темір жолдар өтеді.