Ассамблея туралы

Қазақстан халқы Ассамблеясы – 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде құрылды. 

Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады.

Аталған бастама мәдениет аралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды.

15 жылдың ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.

2008 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына қол қойылды. Осы заң этносаралық қатынастар саласындағы негізгі принциптерді айқындай отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдарының мәртебесін заң деңгейінде бекітті. Ұлтаралық қатынастар субъектілерінің жұмысының елімізде жүргізіліп келе жатқан саяси бағытпен үндес жаңа жүйесін қалыптастырды.

Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

Заңға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы ол – заңды тұлға құрылмай, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме.

Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.

Ассамблеяның негізгі міндеттері:

1) этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау;

2) халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту;

3) қоғамдағы экстремизмнің және радикализмнің көріністері мен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу;

4) азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру;

5) Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу үшін этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз ету;

6) Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету, сақтау және дамыту болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Ассамблеяны құрады және қайта ұйымдастырады, Ассамблея қызметінің бағыттарын айқындайды, Ассамблея басшылығының лауазымды адамдарын қызметке тағайындайды; Ассамблея Кеңесін шақырады; басқа да қызметтерді Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне — Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құқығы тиесілі.

Ассамблеяның құрылымын Ассамблея Сессиясы, Ассамблея Кеңесі, Ассамблея Хатшылығы, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеялары құрайды.

Ассамблея Сессиясы – Ассамблея мүшелерінің жиналысы Ассамблеяның жоғары басқарушы органы болып табылады. Сессияны Қазақстан Республикасының Президенті қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады. Кезекті Сессияны шақыру туралы өкім кезекті Сессияның еткізілетін күні, орны жене күн тәртібі көрсетіліп, ол басталғанға дейін отыз күннен кешіктірілмей қабылданады, бұл туралы ресми бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады. Кезектен тыс Сессия Ассамблея Төрағасының, Ассамблея Кеңесінің бастамасы бойынша немесе Ассамблея мүшелері жалпы санының кемінде үштен бірінің өтініші бойынша шақырылады жене оны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде өткізіледі.

Сессиялар аралығындағы кезеңде Ассамблеяны басқаруды Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен құрылатын Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады. Кеңестің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс органы оның Хатшылығы дербес құрылымдық бөлім ретінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрамына кіреді.

Ассамблеяның және облыстар (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеяларының құрамы – этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерінің, мемлекеттік органдар өкілдерінің және олардың қоғамдағы беделі ескеріле отырып Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарынан қалыптастырылады. Қазіргі уақытта Ассамблеясының құрамында 382 мүше бар.

Ассамблеяға мүшелікке кандидатуралар облыстардың этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктерінің ұсыныстары негізінде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеялары сессияларының шешімі бойынша, сондай ақ республикалық, өңірлік этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің жоғары органдарының шешімі бойынша ұсынылады.

Еліміздегі барлық этностың басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды роль атқарды. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді.

Жалпы алғанда негізінен Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты.

Ассамблея тарихында 15 сессия өткізіліп, онда қоғам өмірінің маңызды мәселелері мен мемлекет дамуының негізгі бағыттар талқыланды.

Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің өзінің саны тұрақты өсуде, қазір олар 800-ден асады, оның ішінде 28-і республикалық.

15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар 7 тілде телебағдарламалар шығады. Білім беру толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. Осымен қатар, балалардан басқа үлкендер де 30 этнос тілдерін оқуға мүмкіндік алған 195 этно-білім беру кешендері, жексенбілік және лингвистикалық мектептер ашылды. Қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде тағы төрт ұлттық – өзбек, ұйғыр, кәріс және неміс театрлары жұмыс істейді.

Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше ондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Жыл сайынға халықтық мерекелер Наурыз, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, масленица, сабантой дәстүрге айналды.

Ассамблея қызметі этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешіп келе жатқан ел ретінде Қазақстан Республикасының халықаралық беделінің өсуіне ықпал етуде.

Павлодар облысы Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы туралы ақпарат

Қазақстан Республикасында 1995 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен бірегей институт- Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті- Ұлт көшбасшысы аталған Ассамблеяның төрағасы болды.

Павлодар облысының Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы облыс әкімі болып табылады. Облыс әкімінің аппараты құрамына енетін ассамблеяның хатшылығы –  ассамблеяның жұмыс органы болып табылады. Ассамблея хатшылығының  басшысы статусына қарай, облыстық ассамблеяның төраға орынбасары болып табылады. Жыл сайын, этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатарынан бір кандидатура, сессия кезінде  облыстық ассамблея төрағасының қоғамдық орынбасары тағайындалады.

Павлодар облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің жұмысы – Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңы, Ел бірлігі Доктринасы, Қазақстан Республикасы Президентінің  «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыруға бағытталған.

Қазақстан халқы ассамблеясының негізгі міндеттері өңірдегі ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау, тұрақтылықты  қамтамасыз ету, ұлттық бірлікті және қазақстандық патриоттылықты қалыптастыру. ҚХА хатшылығы бекітілген жұмыс жоспарына сәкес, этникааралық келісім мен толеранттылықты насихаттауға бағытталған дөңгелек үстелдер, кездесулер,  сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің бастамасымен жастарды ұлттық салт-дәстүрге және барлық қазақстан халқының толеранттылығы үлгісінде тәрбиелеуге арналған мәдениет апталықтары өткізіледі.

Өңірдегі алғашқы этномәдени бірлестіктер 80 жылдардың соңында ашыла бастады, ал 1991 жылы үш бірлестік: «Возрождение» немістер мәдени-ағарту қоғамы, татар башқұрт қоғамдық-мәдени орталығы және Т.Шевченко атындағы украин мәдени серіктестігі. 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының яғни кіші (өңірлік) ассамблеяның құрылу уақытына орай облыс көлемінде құқықтық жағынан рәсімделген,  8 ұлттық-мәдени орталықтар жұмыс істеді.

2013 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан халқы  ассамблеясында облыстық 9 филиал, (Ақса, Екібастұз қалаларында, Ақтоғай, Қашыр, Павлодар, Шарбақты, Лебяжі, Железин аудандарында және облыстық ҚХА филиалы – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттік ассамблеясы), 23 облыстық, 15 қалалық және  45 аудандық этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді.

2009 жылдан бастап өңірдегі этникааралық және конфессияаралық келісімді қамту мәселелері бойынша Ассамблея құрамында «Ақсақалдар алқасы» жұмыс істеп келеді.

2010 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы жанында ғылыми-сараптамалық топ құрылды, оның құрамына өңірдің үш жоғары оқу орындары – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты және Инновациялық Еуразия университетінің ғалымдары  кірді.

Қазақстан халқының бірлігі мен достығын насихаттау мақсатында облыста жыл сайын «Сан алуандықтағы бірлік»  атты этникалық мәдениет фестивалі өткізіледі,  шара  негізінен қазақстандық  біртұтастықты қалыптастыруға, рухани бірлік идеяларын, жастарды қазақстандық патриоттылыққа тәрбиелеу, қазақстанда тұратын ұлттық мәдениетті әрі қарай дамытуға бағытталды.

Жыл сайын «Бір шаңырақ астында» атты жазғы фестиваль аясында қалалық мәдениет және демалыс саябағында арнайы бекітілген кестеге сәйкес ұлттық мәдениет мерекелері өткізіліп тұрады.

– Жыл сайын республикалық және шекаралас өңірлердің жастар бірлестіктері лидерлерінің қатысуымен шекаралас әріптестіктің «Бірлік-Единство. KZ» жастар этномәдени форумы өткізіледі. Сонымен қатар, «Ертіс-достық өзені» атты халықаралық әріптестіктің этнофестивалін өткізу дәстүрге айналған.

– «Патриот» пікірталас клубы жұмысы, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, этномәдени дәстүрлер мен достықты насихаттау оның басты мақсаты болып табылады.

– Жыл сайынғы «біз қазақстан халқы» үгіт-пойызы аясында облыс ҚХА мүшелері мен ЭМБ-нің шығармашылық ұжымдардың концерттік номерларымен және ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдауын, қазақстанның Ел бірлігі доктринасын түсіндіру және ҚХА этномәдени бірлестіктерінің мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру және қоғамды -әлеуметтік жаңғыртуға қатысуы жөніндегі жұмыстарды ақпараттандыру мақсатында қалалар мен аудандардың елді-мекендеріне шығып отырады.

– Облыс қалалары мен аудандарында, ірі кәсіпорындарында білім беру ұйымдарында қазақстан халқы Ассамблеясы күндері өткізіліп тұрады.

Ассамблея мен этномәдени бірлестіктер «Тілдердің үштұғырлығы» жобасының жүзеге асырылуына, басқа этнос өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне көңіл бөліп отыр.

Қазақстанның көпұлтты халқының  тарихын, ана тілін, салт-дәстүрін оқып-үйренуге бағытталған, қосымша білім беру мекемесі  – Ұлттық жаңғыру мектебінің орны ерекше. Мектеп құрылымында 16 ұлттық оқу бөлім:армян, әзербайжан, болгар, белорус, грек, еврей, украин, балкар, корей, поляк, неміс, татар-башқұрт, шешен-ингуш, чуваш  және қазақ, орыс екі мәдени орталығы жұмыс істейді.

Мектепте жыл сайын бес жүзден аса оқушы білім алады. Оқу бағдарламасы ұлттардың адамгершілік құндылықтарын меңгеруге, еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақтастықты сақтауға жауапкершілікпен қарайтын жастар қауымын тәрбиелеуге бағытталған. Мектеп басты міндеттері қазақстандық патриоттылықты дамыту арқылы оқушыларға қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеу.

Облыстық ассамблеяның жастар қанаты құрамына облыстық этномәдени бірлестіктердің 16 жастар құрылымы кіреді, олардың басты міндеті – қазақстандық патриоттылықты тәрбиелеуде бірлесіп нәтижелі жұмыс атқару, Павлодар өңірінде тұратын этностардың мәдени және рухани құндылықтарын сақтау, оны тарату. Аталған құрылым өкілдері облыс әкімі жанындағы Жастар мәселесі жөніндегі өңірлік кеңес құрамына кіреді.

Қазақстанда ұлттық бірлікті қалыптастыру мен жетістіктерді насихаттау бойынша  облыс Қазақстан халқы ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер жұмыстары туралы мәлімет бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты  жарияланып тұрады.

Облыстық радио эфирінде апта сайын «Казахстан в современном мире», «Казахстан – наш общий дом», «Қазақстан бүгінгі таңда» бағдарламалары, «Қазақстан-Павлодар» облыстық телеканалында айына бір рет «В семье единой», «Ортақ шаңырақ астында» бағдарламалары шығып  тұрады.

Мемлекеттік ұлттық саясатты іске асырудағы нақты қадамдардың бірі 2008 жылдың қыркүйек айында облыстық Достық үйі пайдалануға берілді, шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Назарбаев қатысты.

Өз қызметін жүзеге асыру үшін Достық үйі жақсы материалдық базамен қамтылған:    дыбыстық және жарық түсіруші заманауи аппаратурамен жабдықталған мәжіліс залы және акт залы, репитиция және хореография залдары, мультимедиялық, компьютерлік, оқу сыныптары, ұлттық әдебиет кітапханасы және мұражай.

2010 жылы желтоқсан айында «Достық» концерт залы ашылды. Оның материалдық-техникалық базасы этномәдени бірлестіктер шығармашылық ұжымдарының концерттік қызметін белсенді түрде жүзеге асыруға, мен облыс тұрғындары мен павлодарлықтардың өңірдегі сан алуан ұлт өкілдерінің мәдениетімен жақын танысуға мүмкіндік ашты.