Челябинск қаласында Қазақстан мен Ресейдің XIV өңіраралық ынтымақтастығы форумы өтіп жатыр

Екі елдің шекаралас өңірлерінен қонақтар жиылған форумға Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысады. Қазақстан мен Ресей арасындағы форум осымен екінші рет Челябинск қаласында өтіп отыр. Басты отырыстардың барлығы «Орыс электр қозғалтқыштары» жаңа зауытының ғимаратында өтіп жатыр. Форумда «Адами капиталды дамыту» атты көрме жұмыс істейді. Аталмыш көрмеге қазақстандық тараптан ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Назарбаев университеттің, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, «Білім-Инновация» ХҚҚ, «Bilim Media Group» ЖШС, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және басқа да жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. – Біз бірнеше тұсаукесер ұсындық, – дейді көрме ұйымдастырушылары. – Бұл орта білім беру саласындағы тың жоба – Мемлекет Басшысының бастамасымен құрылған 20 зияткерлік мектеп. Екінші жоба – Қазақстанның жалпы білім беру мектептеріне арналған озық оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу. Көрмемізде сондай-ақ республикамыздағы білім беру жүйесін цифрландыру және Орталық Азияда  жоғары білім беру саласында білім беру хабын дамыту жобасы жөнінде ақпарат алуға болады. Форумда адами капиталды дамытуға және Еуразия экономикалық одағының  бірыңғай цифрлық кеңістігін құру саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға арналған бірқатар панельді сессиялар өтуде. Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Гаухар Ахметова кәсіпкерлік білімді дамыту аясында өзінің ресейлік әріптестеріне ынтымақтастықтың жаңа форматын ұсынды. Жоғары оқу орнының басшысы студенттерді кәсіпкерлік ісіне үйрету және олардың бойларында көшбасшылық қабілетін дамытуды енгізу тәжірибесін ортаға салды. – Біз екі мыңға жуық тәлімгерімізді кәсіпкерлік курсынан оқытып шығардық. Олардың 5-7 пайызы бизнеспен айналысуға ниетті, – деп атап өтті ол. – Қазіргі кезде 7 инвестициялық раунд өткізіліп, олардың барысында студенттер сомасы 21 миллион рубль болатын (100 миллион теңгеден астам) 48 жоба сатты. 58 жұмыс орны құрылды және 2 миллион рубльге (10 миллион теңгеден астам) жуық салық төленді. Біз ресейлік жоғары оқу орындары мен бизнес-қауымдастықтарына қызметтер, ауыл шаруашылығы, техникалық кәсіпкерлік сынды түрлі бағыттар бойынша халықаралық старт-ап жобаларды құру ісіне қатысуды ұсынамыз.

Түстен кейін форумға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин қатысады деп жоспарланып отыр. Екі елдің басшыларының кездесуі барысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.


09/11/2017 49