Челябинск қаласында өңіраралық форум өтті

Челябинск қаласында Қазақстан мен Ресейдің XIV өңіраралық ынтымақтастығы форумы басталды. Форумға екі елдің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысады деп күтілуде.

Форумның басты іс-шаралары 9 қараша күні «Орыс электр қозғалтқыштары» жаңа зауытының ғимаратында басталды. Мұнда «Адами капиталды дамыту» атты көрме жұмыс істейді. Аталмыш көрмеге қазақстандық тараптан ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Назарбаев университеттің, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның, басқа да білім беру ордаларының өкілдері қатысты.

– Біз бірнеше тұсаукесер ұсындық, – дейді көрме ұйымдастырушылары. – Бұл орта білім беру саласындағы тың жоба – Мемлекет Басшысының бастамасымен құрылған 20 зияткерлік мектеп. Екінші жоба – Қазақстанның жалпы білім беру мектептеріне арналған озық оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу. Көрмемізде сондай-ақ республикамыздағы білім беру жүйесін цифрландыру және Орталық Азияда  жоғары білім беру саласында білім беру хабын дамыту жобасы жөнінде ақпарат алуға болады.

Павлодар білім беру жүйесінің өкілдері сондай-ақ форумның панельді сессияларының бірінде сөз сөйледі. Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Гаухар Ахметова жоғары оқу орнында кәсіпкерлікке үйретуді енгізуді және оның нәтижесін тілге тиек етті.

– Біз екі мыңға жуық тәлімгерімізді кәсіпкерлік курсынан оқытып шығардық. Олардың 5-7 пайызы бизнеспен айналысуға ниетті, – деп атап өтті ол. – Қазіргі кезде 7 инвестициялық раунд өткізіліп, олардың барысында студенттер сомасы 21 миллион рубль болатын 48 жоба сатты. 58 жұмыс орны құрылды және 2 миллион рубльге жуық салық төленді. Біз ресейлік жоғары оқу орындары мен бизнес-қауымдастықтарына қызметтер, ауыл шаруашылығы, техникалық кәсіпкерлік сынды түрлі бағыттар бойынша халықаралық старт-ап жобаларды құру ісіне қатысуды ұсынамыз.

Павлодарлықтар сондай-ақ Қазақстанның туристік саласының таныстырылымына қатысты. Онда «Ұлы Жібек жолымен», «Каспий қақпасы», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдениет аумағы», «Алтай маржандары», «Астана – Еуразия жүрегі», «Көшпелі мәдениет пен табиғат үйлесімі» атты жобалар таныстырылды.

– Павлодар өңірінде туризмді дамыту, қысқа мерзімді демалыстар мен жағажай туризмі «Көшпелі мәдениет пен табиғат үйлесімі» кластеріне жатады, – деп атап өтті Павлодар облыстық туризмді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Нұрмағамбетова. – Оған қоса, біз Баянауыл демалыс аймағын, «Ертіс орманы» қарағай орманын, өңірдегі қасиетті жерлер мен тұзды көлдердегі медициналық туризмді ұсынып отырмыз. Бір сағаттың ішінде көрмеге көптеген адамдар келді. Олар Павлодар облысымен таныс, келгісі келеді. Баянауылды да көбі біледі, тіпті, онда тау шаңғысы базасы салынып жатқанынан да хабардар.  

Түстен кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.


09/11/2017 67