Депутаттармен кездесті

Павлодар облысының әкімі аймағымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарымен кездесті.

Кездесу барысында халық қалаулылары Павлодар облысында тұрғын үй құрылысы мен ауыз су желісін тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

– Облыс депутаттарының айтуынша қазір құрылыс саласында мықты мердігер компанияны табу қиын болып отыр екен. Бұрын тұрғын үйлер аз салынғандықтан компаниялар өздері кезекке тұратын еді, – деді сенатор Манап Көбенов. – Қазіргі таңда аймақта құрылыс нысандарының көп болуына байланысты құрылысшылар жетіспей жатыр. Бұл, әрине, қуантпай қоймайды. Біз өз тарапымыздан өңірдің құрылыс саласындағы дамуын қолдауға әрқашан дайынбыз.

Сонымен бірге, депутаттар жаңадан салына бастаған 250 орындық онкодиспансердің құрылыс барысы туралы сауал тастады. Болат Бақауов оларға осы нысанға байланысты туындаған мәселелер жайында айтып берді.

– Оңтайландыру мақсатында жобадан құны 3,5 миллиард теңге тұратын құрал-жабдықтарды алып тастаған едік, – деді аймақ басшысы. – Денсаулық сақтау министрлігінің ойынша бюджеттен қаражат бөлмей, құрал-жабдықтарды сатып алу үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жұмыс істеу керек. Алайда, күрделі медициналық жабдықтар сатып алуда МЖӘ қажет пе? Біз бұл жобаға серіктес тапқанша, тоалай уақыт өтеді. Әрі бұл жоба бюджет үшін 6-7 жыл ішінде бұдан да қымбатқа түсуі мүмкін. Осы мәселелер сіздердің ат салысуларыңызды қажет етеді.

Парламент депутаттары облыста 12-ші қаңтарға дейін болады.


08/01/2018 66