Екі ауылға орталықтандырылған ауыз суы тартылды

Лебяжі ауданының Ямышево және Жамбыл ауылдарына орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі енгізілді. Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күні Павлодар облысының әкімі су тазарту құрылғыларын тексерді және өркениет жемісін татып үлгерген ауыл тұрғындарымен кездесті.

 1,2 мың тұрғыны бар Ямышево ауылына және 800-ге жуық тұрғыны бар Жамбыл ауылына су құбырлары өткен жылы тартыла бастаған. Ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтасыз ету мақсатында бюджеттен жалпы сомасы 800 миллион теңге қаражат бөлінді. Болат Бақауов  2018 жылдың алғашқы жұмыс күні екі ауылға да барып, мердігерлер жұмысының нәтижесімен танысып қайтты.

– Үй шаруасындағы мына мен үшін бұл үлкен жеңілдік, – дейді Ямышево ауылының тұрғыны Сандуғаш Исина. – Бұдан былай су әкелу үшін даладағы су шүмекке бармайтын болдық. Үй отырып-ақ кірімізді жуып, тазалай аламыз. Кір жуғыш машинаға да орын дайындап қойдық. Елбасымызға, облыс және аудан басшылығына үлкен рахмет.

Қазіргі уақытта Ямышево ауылында 331 үйдің 160-ы, Жамбыл ауылында 194 үйдің 140-ы орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Аймақ басшысы атап өткендей, енді қалған үйлерді қосу, сондай-ақ су тазарту құрылғысын күтіп ұстау мәселесін шешу керек.

– 2017 жылы біз 360 шақырым су құбыры торабын салдық. Биылғы жылы 400 шақырым су құбыры торабын салуды жоспарлап отырмыз. Осы желілердің барлығын күту біздің мойнымызда, –  деді облыс әкімі. – Бұл су құбырларының қызмет ету мерзімі 20-30, тіпті 50 жылға дейін барады. Алайда, олардың көзделген мерзім бойына жұмыс істеп тұруы үшін бұл шаруашылық нысанына қызмет көрсететін тиісті мамандар қажет. Ауылдардағы су тазарту қондырғыларын бақылайтын қызметкерлер су тазарту және оны беру технологияларын жете білуі тиіс. Біз осындай мамандарды даярлауымыз керек және мұндай кадрлардың кәсіптік техникалық білім беру мекемелерінде дайындау мәселесін қарастыруымыз керек.


04/01/2018 54