Екібастұзда жаңа жылыжай ашылды

Екібастұз қаласында қызанақ өсіретін жылыжай ашылып, 80 пәтерлік жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді.

№1 ҚАЭС-ың аумағында 5 гектар жерді алып жатқан жылыжай «Greenhouse KZ» ЖШС-не тиесілі. Жаңа кәсіпорынынң қуаттылығы бір жылда 3,6 мың тонна қызанақ алуға мүмкіндік береді.

– Қызанақтардың алғашқы түсімі желтоқсан айының ортасына қарай күтілуде, – дейді «Greenhouse KZ» ЖШС-ің байқаушылар кеңесінің төрағасы Даулет Баймағамбетов. – Әрине, қызанақтарды жылыжайда  өсіру үшін аса қымбат жабдықтар, жылу және электр энергиясы қажет болғандықтан олардың бағасы да саяжайда өсірілген қызанақтарға қарағанда қымбаттырақ болады. Алайда, біздің көкөністер шет елден әкелінетін өнімдерге қарағанда әлдеқайда арзан болатынына кепілдік беремін. Біз қазірдің өзінде «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен томаттарды жеткізу бойынша келісімшарт жасадық. Біздің өнім Қазақстан бойынша және Ресейдің кей аймақтарында сатылатын болады.

Жаңа жылыжайға 86 адам жұмысқа тұрды. Ресми мәліметтерге сәйкес, кәсіпорындағы орташа еңбек ақы 120 мың теңгені құрайды.

– Біздің қолымызда алдағы уақытта жүзеге асыруды жоспарлап отырған 60 гектар жерде орналасатын жылыжай кешенінің жобасы бар, – деді өзінің құттықтау сөзінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов. – Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы біз жеміс-көкөніс өндірісін дамытумен қатар, жаңа жұмыс орындарын да ашатын боламыз. Тұңғыш Президент күні мерекесінің қарсаңында мұндай жылыжайдың ашылуы екібастұздықтар үшін тамаша сыйлыққа айналып отыр деп ойлаймын.

Сонымен бірге, облыс әкімі Екібастұз қаласындағы жаңа тұрғын үйдің ашылуына да қатысты. Жаңа үйге 80 отбасы қоныстанды. Бір жыл бойы салынған бес қабатты үйдегі бір бөлмелі пәтерлердің саны – 40, ал екі және үш бөлмелі пәтерлердің саны жиырма-жиырмадан. Аймақ басшысы жаңа үйге қоныстанушыларды қуанышты оқиғамен құттықтап, олардың шаңырақтарына қуаныш пен бақыт тіледі.  

Кеншілер қаласында тұрғын үй құрылысының жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өту керек. Қазіргі таңда Екібастұзда жалпы пәтерлер саны 750-ге жуық жеті үй салынып жатыр.


29/11/2017 42