Елбасы қолдады

Мемлекет басшысы Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысында Павлодар облысында жаңадан құрылған қоспалы алюминий өндірісін және осы алюминийден автомобиль дискілерін жасап шығаратын зауытты іске қосты.  

Үстіміздегі жылы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында құрылысы басталған «Giessenhaus» ЖШС-і еліміздегі алюминий өндірісінің алғашқы сапында тұр. Зауытқа 5 миллиардқа жуық инвестиция тартылып, 35 жаңа жұмыс орны ашылды.

«FORWOLL GROUP» компаниялар тобының бас директоры Руслан Литвинов телекөпір кезіндегі Елбасыға арналған сөзінде: – Біз жыл сайын 36 мың тонна қоспалы алюминийді еліміздің кәсіпорындарына жеткізуге және экспортқа шығаруға дайынбыз, – деп хабарлады.  

Сонымен бірге, «K&K» компаниялар тобының өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевқа өздерінің алюминийден жасалған автомобиль дөңгелектерін көрсетті.

– Біз қазақстандық әріптестердің құймаларының сапасын жоғары бағалаймыз. Сондықтан да, жеңіл құймалы дисктердің өндірісіне 20 миллион еуро инвестицияны ойланбастан салдық, – деді компанияның топ-менеджері Сергей Куклин. – Бізге Қазақстанның әлеуеті аса жоғары ел екендігі мәлім. Біздің кәсіпорын шығаратын автомобиль дискілері Қазақстан мен Ресейдің автомобиль зауыттарына, сонымен бірге, ЕуроОдақтың елдеріне де жеткізілетін болады.

– Аса бай кен орындары бар біздің еліміз үшін түсті, қара және сирек кездесетін металлдарды өндіріп қана қоймай, олардан дайын өнім жасап шығару аса маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Қоспалы алюминийден автомобиль дискілерін жасауды қолға алдық. Бұл басы ғана. Енді алюминий өндірісін ары қарай дамыту қажет.

 


07/12/2017 27