Еріктілерге қолдау көрсетілуде

Павлодарда «Volunteer.КZ» республикалық еріктілер форумы өтті. Естай атындағы Мәдениет сарайында өткен кездесуге дейін «Еріктілер үйі» ашылды.

Жаңа атауға ие болған ғимаратта өткен ғасырдың басында балалар әдебиетінің көрнекті жазушысы, ертегілер мен жануарлар жайлы әңгімелердің авторы Аким Некрасов тұрған. Жастар бастамасымен демеушілер есебінен жөндеу жүргізіліп, тоғыз еріктілер ұйымдарына берілді.

– Бұл үйдің тарихи маңызы зор, сондықтан біз оның архитектуралық келбетін сақтап қалдық, – дейді жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Саят Жүсіпбаев. – Ғимараттың ішінде қажетті күрделі жөндеу жасалып, коммуникациялар тартылды. Демеушілерге көмек сұрап барғанда олардың ешбірі бізден бас тартпады.

Кейін еріктілер «Volunteer.КZ» республикалық еріктілер форумына қатысты, аталған форумға Қазақстанның барлық өңірінен және ТМД елдерінен келген.

– Павлодар облысы балалар мен қарттарға, туған ауылы мен білім алған мектебіне көмек көрсететін жоба көшбасшыларын және жетекшілерін мақтан тұтады, – деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов. – Бір сөзбен айтқанда үлкен іс атқаруда. Жақындарың мен туған ауылыңа, еліңе көмектесу арқылы санаңды жаңғыртасың. Бүгінгі таңда бұл жобалар тек пайдалы және өзекті ғана емес, ең бастысы әлеуметтік бағытты көздейді. Еріктілер республикалық форумының осындай жоғары деңгейде, сонымен қатар біздің Павлодар қаласында өткеніне қуаныштымын. Біз қоғамға пайдасы тиетін жастарды қолдауға әрқашан дайынбыз.

Форумда ең үздік еріктілер ұйымдарына 15 номинация бойынша «Рухани жаңғыру» мүсіні сыйға тартылды.


07/12/2017 19