Естай атындағы мәдениет сарайы өзінің 40 жылдығын атап өтті

Павлодар қалалық мәдениет сарайы өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтті. 1977 жылғы қарашада Қазан төңкерісінің 60 жылдығына орай «Трактор құрылысшылары» мәдениет сарайы ашылған болатын. Ал 20 жылдан соң ол Қалалық мәдениет сарайы деп аталып, мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі аумақтық комитеттің бұйрығы негізінде қалалық мәдениет бөлімінің балансына тапсырылған болатын.

Қазіргі уақытта Естай атындағы мәдениет сарайында 20 клубтық бірлестік бар. Оларға 5 пен 80 жас аралығындағы 800 адам  қатысады. 15 ұжым «халықтық» және «үлгілі»  деген атаққа ие. Естай атындағы ҚМС сахнасында бір жылда 200-ге жуық облыстық іс-шара өтеді.

Құрылғанына 40 жыл толу мерейтойына орай Естай атындағы қалалық мәдениет сарайына үш миллион теңгеге сертификат сыйға тартылды.

– Мәдениет сарайын мерейтой жылы басқару мен үшін қуанышты да жауапті іс,-дейді Асылбек Сапарбекұлы. – Бүгін бізге Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүздеген құттықтаулар келіп жатыр. Қазақстанның эстрада жұлдыздары келіп, сахнамызда өнер көрсеткісі келген болатын. Алайда біз концертті өз күшімізбен ұйымдастырып, жергілікті ұжымдардың өнерін көрсеткіміз келді. Үш сағаттан астам уақытқа созылған концерттік бағдарламаға Павлодар қаласының үздік ұжымдары қатысты. Атап айтқанда, ардагерлер халықтық хоры, Шиллер халықтық қоры, «Нұр» халық биі ансамблі, Аль-Аки фольклор ансамблі, «Джамбо» эстрадалық-спорттық би үлгілі ансамблі, «Сәулетай» балалар вокалдық ансамблі, «Фантазия» би ансамблі, «Грация» би ансамблі, «Вернисаж» сән театры.


09/10/2017 47