Инвесторлармен кездесті

Павлодар облысының әкімі жұмыс сапарымен Екатеринбург қаласында болып, Орал сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдерімен кездесті және металл құрамаларын өндірумен айналысатын кәсіпорынға барды.  

Естеріңізге сала кетейік, Болат Бақауов Челябі қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XIV өңіраралық әріптестік форумына қатысқан еді. Форумнан кейін аймақ басшысы Екатеринбург қаласына аттанды.  Мұнда ол Орал сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Андрей Бесединмен кездесіп, өзара әріптестік мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрболат Сейітмағамбетов Павлодар облысының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Ол «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында жұмыс істейтін инвесторларға берілетін жеңілдіктерге баса назар аударды.  

– Арнайы экономикалық аймақта жұмыс істейтін инвестор корпоративтік кіріс салығынан және басқа да салықтардан босатылады, – деді Нұрболат Сейітмағамбетов. – Осының нәтижесінде кәсіпкерлер бірден өндіріске кірісіп, логистиканы дамыта алады. Бүгінде арнайы экономикалық аймақта алты кәсіпорын жұмыс істейді. Тағы да алты жобаны іске қосуға  дайындық жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, қоспалы алюминий зауыты да салынып жатыр. Жылдың соңына дейін автомобильдерге арналған алюминий дискілерінің өндірісі іске қосылады.

Аймақ басшысы Павлодар облысы көмірден бөлек, тұз және әктас қорына өте бай екенін атап өтті.

– Павлодар облысында кальций содасын өндіретін зауытқа деген сұраныс бар, – деді ол. – Бұған қоса, тұтыну көлемі, Ресей мен Қытайды есепке алмағанда, ішкі нарықтың өзінде шамамен 400 мың тоннаны құрайды.

Анықталғандай, Қазақстан Сверловск облысының сыртқы сауда әріптестерінің арасындағы тауар айналымы бойынша бірінші орынға шыққан.  Сондықтан, жергілікті сауда-өнеркәсіп палатасы да Павлодар облысымен әріптестікке мүдделі екендігін жасырмады.  Қос тарап бірлескен кәсіпорындар ашу және әріптестіктің басқа да мәселелерін бірігіп  талқылауға келісті.

Сонымен бірге, Екатеринбургте Болат Бақауов «НПО Росс» ЖШҚ кәсіпорнын аралап көрді. Кәсіпорынның басшылығы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында жаңа өндіріс ошағын ашпақшы.

 – Қазіргі таңда зауыттың эскиздік жобасы дайын. Зауыттың бірінші кезегі 7,2 мың шаршы метр аумақта орналасады. Оның құрамына металл құрастырылым және ыстық мырышпен қаптау цехтары, қоймалар кіреді, – деді «Росс» ҮЕҰ ЖШҚ бас директорының орынбасары Надежда Ростоцкая. – Кәсіпорынның құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеушілер қараша айының соңында тапсырады.

Естеріңізге салайық, қазан айының соңында аймақ басшысымен кездесу барысында «НПО Росс» ЖШҚ-ың басшылығы Павлодар қаласында өндіріс ашу ниеті туралы айтқан еді.

 


13/11/2017 20