Көркем сөз шеберлерінің сайысы

Облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Қазақстан Республикасы халқы тілдерінің XIХ республикалық фестивалі және «Туған жер» бағдарламасы аясында 2017 жылғы 6 қыркүйекте «Достық үйінінің» акт залында Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауын өткізді.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, талантты жастарды табу мақсатында өткізілген шараға 17-29 жас аралығындағы облыстың қала, аудандарынынан он үш үміткер қатысты.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Байқау шарты бойынша үміткерлер бірінші кезеңде қазақтың белгілі жазушыларының көркемдігі жоғары прозалық шығармаларынан үзінді оқыса, екінші кезеңде поэзиядан үзінді оқыды. Сөз өнерінің қадір-қасиетін теңдессіз суреткерліктері арқылы жеткізе білген жазушылармен қатар, Оралхан Бөкейдің шығармаларын мәнерлеп оқыған қатысушыларды қазылар алқасы балдық көрсеткіштер бойынша анықтады.

Қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделі үшінші орынды Ақтоғай ауданының атынан қатысқан Құсайын Аңсаған иеленсе, екінші орынды Качир ауданының қатысушысы Әміренова Үміт қанжығасына байлады.

Ақсу қаласының үміткері Оразбек Бақытхан байқаудың жеңімпазы атанды. Енді ол  байқаудың  республикалық кезеңінде өңіріміздің намысын қорғайтын болады.


07/09/2017 93