Келесі жалдың тамыз айында Павлодарда мультимедиялық музейлік кешеннің ашылуы жоспарланып отыр.

Павлодар облысының тарихынан сыр шертетін жаңа музей Есеналиев көшесі, 2 үй мекенжайы бойынша орналасатын болады.

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Болат Бақауовтың төрағалығымен мультимедиялық музейлік кешеннің салынуы бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Тарихшылар, музейшілер, сәулетшілер мен археологтар болашақ музейдің қандай болатынын талқылады. Ол 2,5 мың шаршы метр аумақты алып, 3 блоктан тұрады деп жоспарлануда – дүние тарихы музейі, көшпелілер өркениеті музейі, этнографиялық музей.

– Үлкен музейдің болуы кез-келген қаланың, әсіресе облыс орталығының дәрежесін көтереді. Сол себепті осындай музейдің салынуы Павлодар имиджінің көтерілуіне әсер етеді, – деді Павлодар облысының бас сәулетшісі Нұрлан Қақамбетов. – Меніңше, музейдің орналасқан жері өте тиімді, ол Ертістің жағасы, Орталық жағажайдың дәл жанында.

Жаңа музейдің құрылыс жұмыстары басталып кетті, бірақ қысқы аяздар себебінен жұмыс тобы құрылысты тоқтатуды шешті. Сондай-ақ мамандар музейге қойылатын заттарды жинаумен айналысып жүр.

– Үш блоктың әрқайсысында мультимедиялық контент, яғни гидтер, 3D-реконструкциялар және т.б. болуы қарастырылған, – деді зерттеуші-археолог Тимур Смагулов. – Жақсы жәдігерлер мен мультимедиялық контент заманауи музейлік кешенді құруға мүмкіндік береді. Көшпелілер өркениеті музейінде интерактивті алаң қарастырылған. Бұл жерде келушінің әрқайсысы ежелгі адамға айналып, ыдыс немесе үй жиһазын жасап, қола немесе темірден жебенің ұшын құйып көруі мүмкін. Оның барлығы жаңа музейдің келушілері шынайы тарихты сезініп, ол кездегі жағдайларды ондаған немесе жүздеген мың жылдар бұрын өмір сүрген адамдардың көзімен көрсін деген ниетпен жасалған.

Облыс әкімі айтып өткендей, жаңа музейлік кешеннің құрылысына біз жан-жағынан кірісуіміз керек. Бұл объектіні көріктендіруге, экскурсия жетекшілерін дайындауға және жаңа музейдің атын шығаруға да қатысты.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі


28/12/2018 106