Павлодар облысының 80 жылдығына арналған жоба

Облыстық кітапханада «Есімдер шоқтығы: Павлодар облысының мәдениеті мен өнері» атты жаңа web-жобаның тұсауы кесілді. Павлодар облысының 80 жылдығына арналған бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылып отыр.

Павлодар облысының мәдениеті мен өнері саласын дамытуға қомақты үлес қосқан тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы жайындағы құрылымдалған деректер «Есімдер шоқтығы: Павлодар облысының мәдениеті мен өнері» электрондық ресурсына жинақталған.

Аймақ мәдениетін дамытуға үлкен ықпал еткен көптеген ақындардың, актерлердің, режиссерлердің, музыканттардың, суретшілердің тағдырлары Павлодардағы Ертіс өңірімен тоғысқан. Тың жобаның тұсауын кесу рәсіміне өнер саласындағы зиялылар, павлодарлық ақындар, жазушылар, суретшілер, кітапхана оқырмандары қатысты. Облыстық кітапханада өткен шара барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақын Алақанұлы, ҚР Журналистер одағының мүшесі С.А.Горбунов, ҚР Суретшілер одағының мүшесі В.Ф. Поликарпов, Н. Шафер атындағы музей-үйінің басшысы Т.С.Корешкова көпшілік алдында сөз алды.


04/12/2017 55