Павлодарда «Үй жанындағы дүкен» жобасы жалғасын тауып келеді

Облыс орталығында бұрын газ тарату құрылғылары болған жерде жаңадан екі шағын маркет ашылды. Сауда орындарына Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бектенбай Есболов ат басын тіреді.

Жаңа дүкендер Тәуелсіздік көшесі бойында орналасқан үйлердің аулаларында бой көтерді. Шағын маркеттерден азық-түлік қана емес, өзге де тұрмыстық тауарларды сатып алуға болады. Дүкенге келушілер мұндағы бағаның олар үшін тиімді екенін айтады. Мәселен, нанның бағасы өзге дүкендерге қарағанда арзанырақ.

– Бір павильон салуға шамамен 21 миллион теңге қаражат кетті, – деді «RNR Group» ЖШС директоры Евгений Ткаченко. – Алдағы екі айдың ішінде тағы осындай 5 дүкен ашпақпыз, ал жылдың соңына дейін олардың саны онға дейін жетеді. Бір сауда павильонында 4 жұмыс орны пайда болады.

Аймақ басшысының айтуынша, үйдің жанынан ашылып жатқан дүкендердің тиімділігін павлодарлықтар лайықты түрде бағалауға тиіс. Сондықтан, әкім атап өткендей, осындай шағын маркеттер көбірек салынуы үшін бизнеске барлық жағдайды жасау керек. 

Әлихан Рахметоллаұлы


09/02/2019 154