Павлодарда Тұңғыш Президент күні қарсаңында үш үй пайдалануға берілді

Мереке қарсаңында үш көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 432 отбасы баспаналы болды.

Көп қабатты үш тұрғын үйдің біреуі «Алюминстрой» шағын ауданында жаңадан бой көтерген  «Сарыарқа» шағын ауданында берілді. 72 пәтердің біреуіне қамыстан салынған екі қабатты үйде 20 жыл тұрған Айгүл Баударбекованың отбасы қоныстанды. Оның айтуынша, ескі үйлерді бұзып, жаңа үйлер салынғанға дейін арманының орындалатынына сенбеген.

– Көп жылдар бойы тұрған жерімізде жаңа өмір бастамақпыз, – деді Айгүл Баударбекова. Тұңғыш Президент күні қарсаңында осындай қуанышқа иелену біз үшін үлкен бақыт. Атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтамын.

Бұл 2017 жылы «Сарыарқа» шағын ауданында салынған төртінші үй. Жыл соңына дейін тағы екі көп қабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов қоныс иелерін мерекемен құттықтады.

– Әр баспана жылы әрі жайлы болатынына сенімдімін, – дейді аймақ басшысы. – Осыған дейін «Алюминстрой» тұрғындарымен кездескен кезде жаңа шағын аудан осылай бой көтеретініне сенбеген. Бірақ қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысын дамыту үшін жан-жақты мүмкіндіктер жасалған.  Үш жыл ішінде «Сарыарқа» шағын ауданын толық салып бітіріп, жаңа «Достық» ауданын салуды көздеп отырмыз.

«Восточный» шағын ауданында да екі тұрғын үй пайдалануға беріліп, 360 отбасы баспаналы болды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Project City Group» ЖШС салған құрылыс құны 3,4 миллиард теңгені құрады. «Бәйтерек девелопмент» АҚ бағытымен салынды. Ал, жалдау құны бір шаршы метрі – 1110 теңге.


29/11/2017 53