Павлодарлық оркестрдің Италиядағы гастрольдік сапары

И. Байзақов атындағы облыстық филармонияның симфониялық оркестрінің Италияның 22 қаласындағы гастрольдік сапары жалғасып жатыр. Гастрольдік турне Италия мен Қазақстан Республикасының арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауының 25 жылдығына арналып отыр.

2017 жылдың 18 желтоқсанынан бастап симфониялық оркестр Италияның астанасы Рим қаласында, сонымен бірге, Аппенин түбегінің Милан, Солерно, Перуджа, Неаполь, Косамари, Гориций, Сапри, Турин, Аоста, Коиалия, Монткатини, Салерно және басқа да қалаларында өтіп жатыр. Концерттік бағдаралмаға Бородин, Чайковский, Масканьи, Верди, Моцарт, Россини, Штраус, Респиги және Мендельсон сынды ұлы сазгерлердің шығарамалары енгізілді.

Гастрольдік турдың ұйымдастырушысы – белгілі итальян профессоры, пианист, органшы, хормейстер, дирижер, композитор, көне аспаптардың сарапшысы, режиссер әрі импресарио Леонардо Куадрини. Барлық концерттер ақылы түрде өткізіледі. Концерттік бағдарламаларға Италияның атақты дирижерлері, Корея, Чехия, Румыния, Албания және басқа елдерден келген танымал музыканттар қатысып жатыр.

Симфониялық оркестрдің әр концерті көрермендердің ыстық ықыласын тудырды. Миландағы концерт әйгілі Ла Скала театрына іргелес орналасқан Дал Верме театрында өтті. Оркестрдің орындауындағы эстрадалық-симфониялық музыка итальяндық көрермендердің талғамына сай келіп, жергілікті телеарана арқылы көрсетілді.

Неаполь павлодарлықтарды жауын аралас күшті желмен қарсы алды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты концерт өтпей қалуы мүмкін еді. Алайда, көрермендер залға лық толып, концерттік бағдарлама түн жарымға дейін жалғасты.

Күнтізбенің тағы бір парағы аударылған 31 желтоқсан күні симфониялық оркестр Туринде концерт өткізді. Музыканттар өз көрермендеріне нағыз жаңа жылдық қойылым көрсетті.

Атап өту керек, оркестрдің жетекшісі Болат Рақымжанов гастроль кезінде өзінің 60 жылдық мерейтойын тойлады. Ол өзінің туған күнін 2 қаңтарда атап өтті.

10 қаңтар күні аяқталуы тиіс гастрольдік сапар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру шеңберінде өтіп жатыр. Қазіргі таңда «Заманауи әлемдегі қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы құрастырылды. Симфониялық оркестрдің шығармашылық ұжымы өз жұмысында жас ұрпақтың арасында мәдени және рухани дәсстүрлерді сақтау және тәрбиелеуге басымдық береді.


08/01/2018 51