Сөреге, дайындал, жүгір!

Павлодарда Денсаулық фестивалі аясында кезекті дуатлон жарысы өтті. Бұл жолы жарыс қашықтығы 30 шақырымды құрады. 

Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының жанында басталған сөреге 5 мыңға жуық әуесқой спортшы жиылды. Олардың арасында кәсіпқой спортшылар, дәрігерлер, студенттер, мектеп оқушылары және тағы басқалары болды. Дуатлонға қатысушылар он шақырым қашықтықты жүгіріп өтіп, жиырма шақырымды велосипедпен жүріп өтулері керек-тін.

Берілген қашықтықты алғаш болып 20 жасар Валерий Долгошей еңсерді. Сөреден мәреге дейін жеткен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов алдағы уақытта аймағымызда жартылай марафондық және марафондық қашықтыққа жүгіруден жарыстар өткізілетінін атап өтті.

– Біз Павлодар облысының спорттық аймақ болып қала беруі үшін атқарылып жатқан жұмыстарды жалғастыратын боламыз, – деді Болат Бақауов. – Спортпен шұғылданып, жетіле беру және міндетті түрде бұл іске жастарды тарту қажет. Келесі аптада, ауа райы жақсы болса, кәсіпқой велосипедшілермен және ардагерлерімізбен бірге Павлодардан Тереңкөлге дейін 100 шақырымдық веложарысқа қатысуды жоспарлап отырмыз.


11/09/2017 25