Тиімді ынтымақтастық

Павлодар облысының әкімі Израиль ауыл шаруашылығы министрлігінің және ірі «Polevoi Group» корпорациясының өкілдерімен кездесті. Шетелдік инвесторлар өңірде ет пен балық өндірісін дамыту ісіне қаражат құймақ.

Кездесуді инвестицияларды тарту агенттігі мен «Kazakh Invest» компаниясы ұйымдастырып отыр. Астанада болғанда инвесторлар «ҚазАгро» компаниясымен 200 миллион долларға келісім жасаған. Сондықтан аталмыш қаражаттың басым бөлігі Павлодар облысына да салынуы мүмкін.

– Елбасы айтқандай, біздің басты мақсат – ауыл шаруашылығын дамыту, бұл экономикамыздың жаңа драйверіне айналу керек. Жоғарыда аталған қаржымен осы өңірде бірқатар жобаларды қарастыруға дайынбыз. Әсіресе, өсімдік пен мал шаруашылығын, – деді «Polevoi Group» корпорациясының басшысы Владимир Полевой.

Инвесторлар әр жобаға қаржының 75%-ына дейін салуға әзір. Шарт бойынша, қалған қаражатты қазақстандық тараптың өкілі салуы тиіс.

– Біз бұл аймақққа жаңа технологияларды алып келеміз, – дейді финансист Арие Гольдштейн. – Оң нәтижеге қол жеткізу үшін қаржыландырып қоймай, арнайы мамандарды дайындау жағынан көмектесе аламыз. Бізге Павлодар облысы жайлы жақсы жарнамалар жасалды, жергілікті билік өкілдеріне сенім артамыз.

Өз кезегінде аймақ басшысы инвесторларға көмектің барлық түрі көрсетілетінін айтты. 

– Сіздерді құс етінің өндірісі қызықтырады деген ойдамын. Ол үшін нарық та бар, импорттауға да болады. Суармалы жұмыстармен айналысуға да мүмкіндік бар. Ет және сүт өндірісін дамыту қайнарлары бар. Жылыжайларды қолға алуға болады – бізде электр энергиясы арзан. Облыста 500-700 тонна бидай шығарылады, оның тек 30 пайызы ғана қайта өндіріледі, ұн өнімдерін дамытуға жақсы бастама, – деді Болат Бақауов.

Меймандар барлық жобаны қарастыруға ниетті. Оған қоса, олар балық шаруашылығына қызығушылық танытып отыр. Инвесторлар балық өндіріп, оны салқын күйінде басқа елдерге ұшақ арқылы импорттап тұрмақ ойда.

 


09/08/2017 132