Торайғыр көлінің жағасында «Тіл керуені» фестивалі өтті

Қазақ тілін оқыту жөніндегі жыл сайынғы жазғы жобаның соңғы кезеңі болған аталмыш фестивальге жүзге жуық адам қатысты. Этноауылға Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та ат басын бұрды.

“Ана тілі” орталығының директоры Шолпан Кинжикова мен тілдерді дамыту жөніндегі орталық əзірлеген “Тіл керуені” жобасы Павлодар облысында осымен екінші рет өткізіліп отыр. Оған мемлекеттік тілді оқуға ниет білдірген адамның барлығы қатыса алады.

– Соңғы екі жылдың ішінде осы жобаның арқасында 200-ден астам адамға қазақ тілін үйреттік, – дейді тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәуле Османова. – Дегенмен мұндағы басты мақсат – тілді үйретумен ғана шектеліп қалмай, сонымен қатар қазақ халқының салт-дәстүрін көрсету және оны сақтап қалу. Өз жұмысымызда оқытудың дәстүрден тыс – ойын, киіз үй ішінде сабақ өткізу, ұлттық музыкалық аспаптар мен ұлттық тағамдар даярлау сияқты түрлерін қолдандық.

Этноауылға тоғыз киіз үй орнатылды. Павлодар облысының шеберлері мен қолөнершілері киіз илеуден, сазбалшықпен жұмыс істеуден және ағаш оюдан шеберлік сабақтарын көрсетті. Ашық аспан аясында бауырсақ және қозының етінен сірне әзірленді. Фестивальге атсалысқан павлодарлық суретшілер Баянауылдың көрікті жерлері бейнеленген суреттерін көрмеге қойды, кейбіреулері, тіпті плэнер ұйымдастырды.  

Фестивальде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та болды. Ол қалашықты аралап шығып, «Тіл керуені» жобасының қатысушылары ұйымдастырған концертті тамашалады.


07/08/2017 182