Павлодарлық спортшылар триатлон сайысында үштікке енді

30 шілде күні Астанада триатлоннан Қазақстанның ашық чемпионаты өтті. Шараға әуесқойлар мен кәсіпқойлар, барлығы 200 спортшы қатысты. Атлеттер суда 1,9 шақырымға  жүзу, велосипедпен 90 шақырымға жарысу және 21,1 шақырымға жүгіру бойынша бәсекеге түсті.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы – Қазақстан Триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімов жарысқа қатысушыларды чемпионаттың ашылуымен құттықтап, оларға сәт-сапар тіледі.

Павлодар облысының намысын Александр Дымовских, Виктор Бондарь және Вадим Горбачевский деген спортшылар құраған команда қорғады. Командалық эстафета жарысқа бір апта қалғанда құрылды. Бірінші кезеңде Вадим Горбачевский жарыс көшбасшыларынан 17 минутке кеш келді. Екінші деңгейде – велосипед жарысында 12 минут ұтқан Александр Дымовских облысымыздың командасын оныншы орыннан екінші орынға көшіріп, эстафетаны Виктор Бондарьге тапсырды. Ол өз кезегінде 21,1 шақырым жүгіріп өтіп, екінші орынды сақтап қалды. Нәтижесінде біздің үштік мәртебелі республикалық жарыста екінші орынға ие болды.

Павлодар облысының спорт және дене тәрбиесі басқармасының басшысы Марат Айдашев облыс тарихында алғаш рет триатлонның барлық қашықтықтарын жеке есепте бар-жоғы  5 сағат 41 минутта өтіп, жарыс қорытындысы бойынша 4-орынға ие болды.

Мәреде спортшыларды ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қарсы алды. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев жарыс жеңімпаздарына медальдар мен грамоталар тапсырды.

 


01/08/2017 102