Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Башқұртстан президенті Рустэм Хамитов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Аталған келісім Челябідегі Қазақстан мен Ресейдің ХIV өңіраралық ынтымақтастық форумы шеңберінде жасалды. Павлодар облысының әкімі мен Башқұртстан басшысы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастық жасасу туралы келісімге келді.  

– Біздің өңірлердің ұқсас тұстары көп, – деді Болат Бақауов. – Мәселен, ауқымды көлемде мұнай өндірілетін Башқұртстанда мұнай-химия кластері бар. Сондықтан республика өкілдерін тәжірибелерімен бөлісу үшін өзімізге шақырып отырмыз. Көптеген павлодарлық студенттер Башқұртстанда мұнай-химия ісіне білім алады, олардың оқытушылары Павлодарда дәріс оқиды.

Башқұртстан президенті әріптесін қолдап, екі өңір арасында ынтымақтастық жасауға ортақ дүние көп екені туралы атап өтті. Олар өзара делегация жіберу жөнінде уағдаласқан.

Қазақстан мен Ресейдің XIV өңіраралық ынтымақтастық форумы Челябіде өтуде. Форумға екі мемлекеттің шекаралас жатқан өңірлерінен 1000-ға жуық қонақ, 300-ге жуық журналист қатысты.


09/11/2017 35