Жаңа басшылар

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып Ораз Мұқашев тағайындалса, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығына Қайрат Нұрмағамбетов келді. Бұл туралы бүгін облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде белгілі болды.

Жаңа басшыларды Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов таныстырды. Денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Ораз Мұқашев бұған дейін №2 қалалық емханада, Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада  дәрігер, денсаулық сақтау департаментінде бас маман және бөлім басшысы болып қызмет атқарды. Соңғы жылдары ол №2 аурухананың бас дәрігері, одан кейін облыстық кардиологиялық орталықтың директоры қызметін атқарды.

– Сізге «Саламатты Казақстан» бағдарламасы бойынша жоспарланған индикаторларға қол жеткізу, облыста міндетті медициналық сақтандыруды енгізу міндеті жүктеледі, – деді аймақ басшысы Ораз Мұқашевқа. – Қазіргі кезде денсаулық сақтау жүйесіне инвестициялар тарту аса маңызды. Бұл өз кезегінде денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылғына бұған дейін Павлодар қаласының осы саласын басқарған Қайрат Нұрмағамбетов келді.  

– Өңірде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының шеңберіндегі жұмысты күшейтіп, қалалар мен аудандардағы жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын жүйеге келтіру қажет, – деді Болат Бақауов. – Қазақстанның оңтүстік облыстарынан азаматтарды біздің аймаққа көшіру бойынша жергілікті әкімдермен қоян-қолтық жұмыс жасау қажет.

Сонымен бірге, жиналыста аппарат басшысының орынбасарына Бауыржан Қапеновтың тағайындалғаны туралы мәлім болды. Ол бұған дейін ұйымдастырушылық-инспекторлық бөлімді басқарған еді. Аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша ол жоғары лауазымға ұсынылған еді.

 


12/09/2017 75