Жаңа орынбасар тағайындалды

Павлодар облысы әкімінің жаңа орынбасары болып осыған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің өңірлік саясат, өңірлерді талдау және бағалау департаментін басқарған Жайық Шарабасов тағайындалды.

– Жайық Шарабасов өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысына жетекшілік етеді, сондай-ақ инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және оны  дамыту мәселелерімен айналысады, – деді облыс әкімі Болат Бақауов. – Бұл жауапкершілікті қажет ететін блок, себебі, кәсіпорындарымыздың жұмыс нәтижесі облыс әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығымен анықталады. 

Облыс әкімі жаңа орынбасардың алдына бірнеше міндеттер қойды – инвестиция тарту мәселесі бойынша қалалар мен аудандар әкімдерімен тығыз байланыста болу, кәсіпкерлік белсенділік жұмысын нығайту, өңірдегі шағын және орта бизнес көрсеткіштерін талдау, индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындармен жұмыстарды жандандыру.

Жайық Шарабасов 1980 жылы Батыс Қазақстан облысында туды. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын және «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияда Уоруик университетін тәмамдады. Коммерциялық және мемлекеттік құрылымдарда жұмыс тәжірибесі бар. Әділет және мәдениет министрліктерінде, Дін істері жөніндегі агенттікте қызмет атқарған. 2013 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаменті Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау басқармасының бас сарапшы лауазымында болған. 2014 жылдан бастап Ұлттық экономика министрлігі Өңіраралық ынтымақтастық, өңірлерді талдау және бағалау департаменті директорының орынбасары қызметінде болған.


29/11/2017 70