Жаңа Жұлдыз ауылындағы жағымды жаңалықтар

Железин ауданындағы Жаңа Жұлдыз ауылында төрт пәтерлік екі үй бюджеттік сала қызметкерлеріне пайдалануға берілді. Ауданға жұмыс сапарымен келген аймақ басшысы үйлердің ашылу салтанатына қатысты.

 Бұл үйлерді жеке мердігерлер өз қаражатына салып, кейін оларды әкімдік сатып алған. Үйдің әрқайсысы шамамен 16 миллион теңге тұрады. Жаңа пәтерлердің біреуіне Жаңа Жұлдыз ауылына Алматы облысынан келген балалар дәрігері Арайлым Ерғожаева, екіншісіне Башмачное ауылынан көшіп келген учаскелік полицей Айдабек Абылқасов қоныстанды.

– Жұбайым екеуміз үш баланы тәрбиелеп отырмыз, сондықтан біздің отбасымыз үшін кең әрі жылы үйдің болғаны аса маңызды, – дейді ол. – Жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасап жатса, қызметіңді одан сайын мүлтіксіз орындауға тырысасың.

Ағымдағы жылы облыстық билік жеке құрылыс қомпанияларынан 42 үй сатып алуды жоспарласа, қазіргі кезде 30 үйді сатып алған.

– Бұл үйлерге аймақтағы сұранысқа ие мамандық иелері қоныстанатын болады, – деді аймақ басшысы. – Ауылға мал дәрігері, медик, мұғалім, полиция қызметкері қажет болса, біз оларға үй беруге әзірміз.

Сонымен бірге, Жаңа Жұлдыз ауылында жергілікті фермерлер «Мектебіме тағзым» акциясы шеңберінде салған жаңа спорт алаңының тұсаукесері өтті. Ауыл балалары мектеп жанындағы спорт алаңында шағын футбол, стритбол ойнап, воркаут пен тренажерлер алаңшасында жаттығумен айналысуға мүмкіндік алды. Спорт кешенінің жалпы құны – 15 миллион теңге.

– Бұрын біз ескі алаңда футбол ойнасақ, ендігі жерде белсенді демалыс үшін жаңа ойын алаңы пайда болды, – дейді мектеп оқушысы Ерлан. – Жаңа алаңда біз доп теуіп, турникке тартылып, стритбол ойнай аламыз.

Жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы аудандық жолдардың сапасына назар аударды.

– Мұндай жолдармен жүкті әйелдерді, науқастарды тасымалдау мүмкін емес, – деді Болат Бақауов. – Железин ауданындағы жер қабаты қозғалмалы, жауын жауса, лайға айналады. Ауылдарға апаратын жолдарды қалыпқа келтіру керек. Қазіргі кезде Павлодар облысындағы жолдардың 67%-ың жағдайы жақсы. Алайда, алыс аймақтарда әлі күнге шейін жөнделмеген жолдар да бар.

Аймақ басшысы жолдардың кейбір бөлігін жергілікті шаруа қожалықтарының қарауына беру қажеттігін айтып, Башмачное мен Озерное ауылдарының арасындағы жолды жөндегеннен кейін бұл жерді «Пахарь» ШҚ-на беруді ұсынды. Шаруа қожалығы өз кезегінде жолдың жағдайын қарап, қажет болса, жөндеп, ол үшін ақы алатын болады. 


09/10/2017 48