Жаңа жыл – жаңа мақсаттар

Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуов халық алдында 2018 жылдың қорытындысы бойынша есеп беріп, 2019 жылға жоспарларымен бөлісті. Есептік кездесуге аймақ басшысы Болат Бақауов қатысты.

Аудан басшысы өз есебін өткен жылы ауылдықтар көтерген мәселелердің шешілгендері жөнінде айтудан бастады. Біріншіден, Красиловка ауылында көптен күткен мобильдік байланыс орнатылды, ал Арбиген ауылында ұялы байланыс сигналын күшейткіш пайда болды. Бұдан бөлек Шарбақты ауылында жасанды су қоймасы абаттандырылды. Бұл жергілікті тұрғындардың жазғы демалысы үшін жасалған. Көлдің жағалауында екі аспа орнатылып, құм әкелінді.

Артынша Әзілхан Әбеуов 2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы айтып, 2019 жылға жоспарларымен бөлісті. Туризм саласының дамуына ерекше көңіл бөлінді. Өткен жылдың мәліметтеріне сәйкес Маралды тұзды көліне 60 мың адам демалуға барды, ал биыл демалыс аймағында одан да көп қызмет түрі көрсетілмек.

– Болашақта мүйіз кесіп, оның көмегімен емдеу шараларын өткізу мақсатында ауданымызға екі жыл бұрын маралдар әкелінген болатын, – деді аудан әкімі. – Бүгінде инвесторлар осы бағытта жұмысты бастап кетті. Сондай-ақ өткен жылы Есілбай ауылында Ғабдулуахит Хазірет кесенесіне апаратын атты сапардың бағдары жасалды. Жыл соңында АҚШ-тан келген туристер қарағайлы орманды аралап, жергілікті табиғаттың сұлулығын ат үстінде тамашалаған.

Кейін есептік кездесуге келген әрбір тұрғын аудан әкіміне сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Сауалдардың басым бөлігі әлеуметтік-мәдени нысандарды қалпына келтіру төңірегінде туындады. Шарбақты ауылының тұрғындары аудандық музыка мектебіндегі таршылыққа наразылық танытса, Хмельницкое ауылынан келгендер мәдениет үйін жөндеуін өтінді. Әзілхан Әбеуовтың айтуынша, қосымша білім беру нысанын қаңырап тұрған бұрынғы санитарлық эпидемиологиялық станцияның ғимараты есебінен ұлғайтуға болады. Ал Хмельницкий ауыл клубын жаңарту үшін жоғары жақтан қаражат сұрау керек. Әр ұсынысты мұқият тыңдаған облыс әкімі бұл мәселенің оңтайлы шешілуіне көмектесетінін айтты.

Суретті түсірген – Валерий Бугаев


04/02/2019 237