«Журналистер Үйінің» тұсауы кесілді

Облысымыздың бес бұқаралық ақпарат құралдары араға төрт жыл салып, көп жылдар бойы қызмет атқарған бұрынғы ғимараттарына қайта қоныс аударды. Салтанатты шарамен облыс әкімі Болат Бақауов құттықтады.

«Звезда Прииртышья», «Сарыарқа самалы», «Регион KZ» газеттері, «Pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігі, «Найзатас» журналы Ленин, 143, мекенжайындағы ғимараттан 2013 жылы қоныс аударған болатын. Павлодар облысының әкімі өткен жылы БАҚ өкілдерімен кездесу барысында аталған ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұсынған.

Өткен жылдан бері күрделі жөндеу жасалып, қалам мен микрофонды серік еткен жандар бұрынғы жаңа үйлеріне қайта қоныс аударды.

– Жағалау сіздерден алыс емес, сондықтан қыдырып, бос уақытта шығармашылықпен шабыттануға болады, – деді Болат Бақауов. – Жаңа жыл қарсаңында сіздермен жаңа ғимаратта қауышқаныма шын жүректен қуаныштымын. 2017 жыл Қазақстан мен Павлодар облысы үшін табысты болды. Бәріңізге жақсылық пен табыс тілеймін, жаңа жыл құтты болсын!

Бәрінен бұрын облыстық, республикалық БАҚ ондаған жылдар бойы еңбек еткен ардагер журналистер бұрынғы ғимараттың қайта берілгеніне алғыстарын білдірді.

– Мен өз үйіме қайта оралдым: жарық әрі таза, – дейді «Звезда Прииртышья» газетіне өмірін арнаған журналист Юрий Поминов. – Осы жерге көп адамдар қоныс аударғысы келді, бірақ, әкім айтты, әкім істеді. Мұнда біз кез келген іс-шараларымызды өткізе аламыз.

– Әкімнің жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы ұсынысына сенімсіздікпен қарағандар да болған жоқ,- деді «Казахстанская правда» газетінің Павлодар облысындағы бұрынғы меншікті тілшісі Сергей Горбунов. – Бірақ, аталған жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Алғысымды білдіремін.

Облыс әкімінің атынан «Ертіс Медиа» ЖШС 300 мың теңгелік сертификат берілді. Сонымен қатар, «Ертіс Медиа» ЖШС директоры Асқар Шөмшековті, «Ертіс» және «Ирбис» телеарналарының тілшілері Құралай Рахымжанова мен Аида Адрахованы, «Хабар» агенттігінің репортері Ақмарал Есімханованы, республикалық «Хабар 24» арнасының журналисті Қарлығаш Қасиетова мен «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Екатерина Бескорсаяны алғыс хаттарымен марапаттады. Ал, өзге де БАҚ өкілдеріне сыйлық алуға сертификаттар табыстады.


28/12/2017 75