Жылу беру маусымына дайынбыз

Облыс әкімдігінде аймақ басшысының бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғановтың төрағалық етуімен жылу беру маусымына дайындық мәселесі бойынша кеңес өтті. Кеңесте энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ермұрат Нұрханов есеп берді.

– Бүгінгі таңда тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін жылу беру маусымына дайындау аяқталуға жақын, – дейді облыс энергетика және ТКШ басқармасының басшысы. – 2017-2018 жылу беру маусымына дайындық аясында негізгі жабдықтың 33 бірлігін күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 16 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталып, 14 нысанда әлі жүріп жатыр. Қалған үш нысанды жөндеу мерзімі келген жоқ. Барлық жұмыстар кестеге сай атқарылуда.    

Нұрлан Дүйсембиновтың айтуынша, Ақсуда бу қазандықтарының бірі толықтай жөнделген, екінші қазандықтағы жұмыстар 89%-ға аяқталған. Қала басшысы облыс әкімінің бірінші орынбасарын Ақсу қаласының тұрғындары жылу мен ыстық суға байланысты қиындыққа тап болмайтынына сендірді.

Дүйсенбай Тұрғанов әлеуметтік нысандардың алдағы қысқа дайындығына алаңдап, 15 қыркүйекке дейін тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері толық дайын болуын талап етті. Келесі аптаның басында облыстың үш қаласында жылу беріле бастайды, ал аудандарда жылу қажеттілігіне қарай және ауа райына байланысты берілетін болады.

Облыстың бас энергетигі әлеуметтік нысандардың қазандықтарындағы жұмыстар Баянауыл ауданындағы Бірлік ЖОМ-ы және Железин ауданының төрт мектебін қоспағанда, 100 пайызға дерлік аяқталғанын айтты. Аталмыш мектептерде модульдік қазандықтар орнатылып, олар жеке компанияларға сенімгерлік басқаруға берілген. Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов осы аптаның соңына дейін жылу трассаларын жөндеу жұмыстары аяқталатынын айтып отыр. Ал Железин ауданы әкімінің орынбасары  Аян Бейсекин қазандықтардағы монтаждық жұмыстардың аяқталғанын және қазіргі уақытта қосу-реттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын алға тартты.

Энергетика басқармасының басшысы 1 тамыздағы жағдай бойынша облыс тұрғындарының көрсетілген коммуналдық қызметтерге тұтынушылық қарызы  2,6 миллиард теңгені құрап отырғанын баяндады. Тұтынылған жылу мен жарыққа қарыз мәселесі энергиямен қамтамасыз етуші ұйымдардың жылу беру маусымына дайындалу барысына кері әсерін тигізеді. Ермұрат Нұрханов, сондай-ақ, қарызды өндіріп алу бойынша іс-қимыл алгоритмімен таныстырды. Оған сәйкес, облыстық басқармалар ведомстволық бағынышты ұйымдардың қарыздық ахуалын бақылап отыратын жауапты тұлғаны бекітулері керек. Ал олар барлық ақпаратты жинап, монополист кәсіпорынға тапсыруға тиісті. Энергетика және ТҚШ басқармасы қалалық және аудандық әкімдіктермен, облыстық басқармалармен қарызды төлеу мәселесін шешетін болады. Олар айына бір рет есеп беруге міндетті.

Аймақ басшысының бірінші орынбасары энергетика басқармасына қарызды өндіріп алу бойынша іс-қимыл алгоритмін жетілдіруді, ал қала және аудан әкімдеріне аптаның соңына дейін жылу беру маусымына дайындық ісін аяқтап, тұрғын үйлерге жылу мен ыстық су беруді, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар нысандарды қатты отынмен қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды.

 

 

 


12/09/2017 32