Тіпті қала орталығындағы жағдай да мәз емес – Әбілқайыр Сқақов Павлодарды абаттандыру туралы

Тұрғындардың облыс әкіміне жолдаған өтініштерінің басым бөлігі Павлодар қаласының ТКШ және абаттандыру мәселелеріне қатысты. Павлодарлықтардың шағымдары мен өзінің жеке бақылауларын Әбілқайыр Сқақов 19 мамыр күні өткен аппараттық кеңесте ортаға салды.

Облыс әкімінің 14 мамырда өткен баспасөз мәслихаты кезінде өңір тұрғындарынан 161 өтініш келіп түсті. Олардың 80% -ы Павлодар қаласын абаттандыру мәселесіне қатысты болды. Сонымен қатар өткен аптада Әбілқайыр Сқақовқа Instagram желісіндегі оқырмандары 441 өтініш жазды. Оның 141-і тағы да тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен абаттандыруға қатысты болып отыр.

– Аула ішіндегі аумақтарға қатысты көптеген сұрақтар келіп түсуде. Аулаларды жөндеу жөніндегі өтініштердің басым бөлігі қала шетіндегі үйлерден түскен. Дегенмен қаланың орталығындағы да жағдай мәз емес. Мысалы, Сәтбаев көшесі, 247 мекенжайындағы үйдің ауласында қоқыс шашылып жатыр, – деді аталған аулада түсірілген фотосуреттерді көрсеткен Әбілқайыр Сқақов. – Аулаларды кешенді абаттандыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанына бірнеше жыл болды, бірақ оның нәтижесі көзге көрінбейді.

Қазіргі уақытта жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Абай көшесінің тұрғындары да өңір басшысына жүгінді. Бюджеттің жұмсалуы тиімділігіне қатысты алаңдаушылық білдірген адамдар Гагарин мен Амангелді көшелерінің арасындағы учаске бірнеше жыл бұрын жөндеуден өткенін, бірақ бұл бөліктің тағы да абаттандыру жоспарына енгізілгенін хабарлады.

 

– Менің түсінуімше, халықпен алдын-ала түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген, – деп қорытындылады Әбілқайыр Сқақов. – Бұл қоғамдық тыңдаулар емес, жай ғана абаттандыру жөніндегі жоспар туралы ақпарат беру. Тұрғындарға бұл учаске жөндеуге не үшін және қандай негізде таңдалғанын ешкім түсіндірмеген. Егер сіздер, мемлекеттің халықтың нақты мәселелерін шешуге уәкілеттілік берген адамдары осы проблемалардан алыс болсаңыздар, тым болмаса әлеуметтік желілерді зерттеңіздер. Онда тұрғындар ашық құдыққа, құлап жатқан жол белгісіне, алаңдарда сынып,  балалардың өміріне қауіп төндіріп тұрған заттарды назарға алуды сұрап жатады. Тұрғындардың өтініштері көбінесе әділ және негізделген болып келеді.

Облыс әкімі Павлодар қаласының әкіміне бірқатар тапсырмалар берді. Ол сонымен қатар ұзақ мерзімді құрылыс мәселесіне назар аударды. Тек Павлодардың өзінде бүгінде қаланың сәулеттік келбетін бұзып тұрған 20-ға жуық ұзақ салынып жатқан құрылыс нысандары бар. Бұл жерде ең бастысы, олар халық үшін қауіпті болуы мүмкін. Әбілқайыр Сқақов аталмыш мәселені жою бойынша нақты жоспар жасауды тапсырды.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген Валерий Бугаев


19/05/2020 453