Облыс әкімі Екібастұздағы тұрғын үй құрылысының барысымен танысты

Әбілқайыр Сқақов Екібастұзға жұмыс сапары барысында салынып және абаттандырылып жатқан бірқатар нысандарды аралады.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Екібастұзда бес тоғыз қабатты үй салынып жатқан учаскеде болды. Екі үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша, тағы үшеуі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша салынып жатыр. Жаңа орам осы жылдың күзінде тапсырылады деп жоспарлануда.

– Барлық жұмыстарды сапалы және уақытылы аяқтау қажет, құрылыс жұмыстарын және аулаішілік аумақты абаттандыруды күзге қалдырмау қажет, – деп талап етті аймақ басшысы. – Жыл соңына дейін адамдар қоныстанып, жайғасуы тиіс.

Тағы алты тоғыз қабатты үй Екібастұздың басқа ықшамауданында салынуда. Сонымен қатар Солнечный кентінде екі тұрғын үй қайта жаңғыртылуда.

Облыс әкімі Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі №157 үйдің ауласына да барды. Мұнда аулаішілік жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жөндеу жергілікті тұрғындармен толық келісілген, олар мердігерден ойын алаңы мен тұрақ орындарын жабдықтауды, сондай-ақ ауланың жолдарын кеңейтуді сұраған.

– Мен бұл үйде 20 жыл тұрып келемін, бірақ мұнда осындай күрделі жөндеу жүргізіліп көрмеген, – дейді үй тұрғыны Альфия Сайботалова. – Біздің барлық тілектеріміз бен өтініштеріміз алдағы уақытта назарға алынады деп сенеміз. Көршілермен бірге абаттандыру жұмыстары аяқталған соң аулада тәртіп сақтаймыз деп шештік.

Мәшһүр Жүсіп көшесін жаңарту жұмыстары да жалғасуда. 90-шы жылдардан бері жөнделмеген жолдың кейбір учаскелерін бес метрге кеңейту жоспарланған. Көше бойында тротуарлар мен велосипед жолы орнатылады. Әбілқайыр Сқақов жол төсемі мен жол инфрақұрылымын қайта құру сапасына қойылатын талаптар өте жоғары екенін еске салды.

– Біз барлық мердігерлерді өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз, – деді аймақ басшысы. – Біз бұл жерге міндетті түрде қоғамдық бақылау тобын жібереміз. Мен айтқанымдай, біз сапаны тек жұмысты қабылдау кезінде ғана емес, қысқы маусымның нәтижелері бойынша да тексереміз. Кез келген ақаулар кепілдік міндеттемелер есебінен түзетілуі керек.

«Өркен» шағын индустриялық аймағында (ШИА) Павлодар облысының әкімі өз ісін ашқан екібастұздық бизнесмендермен кездесті. ШИА аумағындағы шағын үй-жайларды бірден 18 кәсіпкер алды. Олар тек нақты тұтынылған коммуналдық қызметтер үшін ғана төлейді. Олардың ішінде кір сабын өндірумен айналысатын Базаргүл Адаева да бар. Тәулігіне шағын кәсіпорын 3 мың сабын шығара алады. Бір 200 грамм сабынның құны 60 теңгені құрайды.

– Бұрын біз жылусыз және басқа да қолайлы жағдайлары жоқ орынжайда жұмыс істейтін едік. Енді бізге жұмыс үшін жеткілікті алаң берілді, – деді «Талғат» ЖК өкілі. – Біз шикізатты Қазақстан бойынша сатып аламыз, ал өндірілген өнімді балабақшаларға, ауруханаларға және басқа да ұйымдарға мемлекеттік сатып алулар арқылы жеткіземіз.

Әбілқайыр Сқақов шағын индустриалық аймақтардың басты міндеті – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бастапқы алаң беру екенін еске салды. Бұл жаппай кәсіпкерлікті дамытуға әкеледі.

– Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің одан әрі дамып, өз алаңдарын ғана емес, өндірістік қуатын кеңейтуі маңызды, – деп мәлімдеді әкім. – Оларды алғашқы 3-5 жылда қолдау қажет. Шағын бизнестен ШОБ, жаңа жұмыс орындарын құру, отандық өндірісті кеңейту басталады.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Естай атындағы музыкалық мектепке барып, тәрбиеленушілерімен әңгімелесті. «Өнер» ҚМО-да «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Өңір басшысы «Восточный» разрезінде де болды. Жақында мұнда тау жынысының миллиардыншы текше метрін қазып алған. Бүгінгі таңда компания 2022 жылы аяқтауды жоспарлап отырған №2 циклды-ағынды аршымалық кешеннің екінші кезеңін іске асыру үстінде. Бұл жоба кәсіпорынның өнімділігін шамамен 30% – ға арттыруға мүмкіндік береді.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген Валерий Бугаев


23/05/2020 412