Құрметті аймақ тұрғындары! Қадірлі ағайын!

Баршаңызды көңілдерге үміт ұялатып, жарқын армандарға жетелейтін Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Өтіп бара жатқан 2018 жыл біздің аймағымыз үшін толағай табыстар мен зор жетістіктерге толы болды. Өңірімізде әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салаларда көптеген жүйелі жобалар табысты жүзеге асырылды. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты мен егеменді халқымыздың ынтымақ-бірлігінің арқасында кең-байтақ Отанымыз өрісті өркендеу жолына түсіп, игілікті істердің бастамашысына айналды.

Жаңа жыл – өткенімізді сараптап, атқарылған жұмыстың жемісін көретін кезең. Үстіміздегі жылы Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік маңызды жобаларға баса назар аударып, тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеруді қолға алды. Халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін жәрдемақының көлемін ұлғайту, жастардың мәселелерін  шешу, азаматтардың тұрғын үй алуы үшін жеңілдетілген несие шарттарын қамтамасыз ету – еліміздің игілігі мен халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған аса маңызды іс-шаралар.

Президент 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, еліміздің болашағына зор алаңдаушылық танытып отыр. Мемлекетіміздің баянды ертеңін, бақытты болашағын қалыптастыратын жастар қауымының азаматтық қоғамды қалыптастырудағы ролі ерекше. Ұлт үшін жұмылып, халық үшін қалтқысыз қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеу жеке отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның міндетті.

Ардақты ағайын!  Айналаға шуақ шашып, жарқын көңіл-күй сыйлайтын осынау отбасылық мереке баршаңызға баянды бақыт, толағай табыс пен зор қуаныш әкелсін! Шаңырақтарыңызға ырыс толып, құт-берекесі мол болсын!

Болат Бақауов

Павлодар облысының әкімі


29/12/2018 188