Құрметті облыс тұрғындары!

Бәріңізді 1-ші желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Киелі Отанымыз – Қазақстан Республикасының тәуелсіз тарихының бастауында болып, егеменділік пен еркіндік алған тұста мемлекетіміздің саяси бағыт-бағдарын, экономикалық даму жолын, халықты әлеуметтік қорғау тәсілдерін айқындаған тұлға – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еді.

Көптеген мемлекеттердің тарихи даму жолын алып қарайтын болсақ, әр халықтың бетке ұстар көсемі, ел жадында есімі өшпестей сақталған біртуар қайраткерлері болды. Түркия Республикасының көшбасшысы Мұстафа Кемел Ататүрік, Сингапур қала-мемлекетінің тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Ю, поляк халқының қоғам қайраткері әрі президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Лех Валенса сынды  тұлғалар – туған халқы ерекше құрметпен еске алып, ардақ тұтатын кемеңгер басшылар ретінде тарихта қалды.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туған халқының қайғысыз-қамсыз өмір сүруі үшін ерен еңбек етіп, ойға алған әрбір ісін ел игілігіне арнап келеді. Елбасының бастамасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасының арқасында өңірімізде бой көтерген тұрғын үйлерден пәтер алушылардың саны артып келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде аймағымызда киелі нысандар картасы құрылып, әулиелер мен бидердің, батырлар мен көсемдердің кесенелері абаттандырылды. Бағдарламаның бір бөлімі – «Мектебіме тағзым» жобасы бойынша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында меценаттар туған ауылдары мен өздері білім алған мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға үлес қосты.

Мерейлі мереке қарсаңында әлем елдері мен халықаралық беделді ұйымдардың басшылары Ұлт Көшбасшысына құттықтау хаттарын жолдауы – Нұрсұлтан Әбішұлының түрлі діни конфессиялар мен мемлекеттік құрылымы өзгеше елдердің татулығын нығайтып, жаһандағы бейбіт өмірді сақтап қалуға қосқан үлесін мойындауы.

Қуанышты мереке күні Сіздерге және отбасыларыңызға зор  денсаулық, баянды бақыт пен береке-бірлік тілеймін!

 

Павлодар облысының әкімі

Болат Бақауов    


29/11/2019 32