Құрметті соғыс және тыл ардагерлері! Қадірлі әскери қызметшілер! Қымбатты жерлестер!

Сіздерді 7-ші мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және 9-шы Мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Елміздің тыныштығы мен азаматтардың бейбіт өмірін қорғау жолында қалтқысыз қызмет етіп жатқан ұландардың ерен еңбегінің арқасында Тәуелсіз Отанымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Кіндік қанымыз тамған киелі Отанды қорғау – елі үшін туған ерлердің мойнына жүктелген абыройлы міндет.

Мызғымас мемлекеттілігіміздің символы саналатын дербес Қарулы Күштеріміз жылдан жылға жан-жақты қалыптасып, Тәуелсіздікті тұғырлы әрі ғұмырлы ету жолында кең-байтақ туған жеріміздің шекарасын қорғап, ел тыныштығын сақтап келеді.  

Әскери қызметшілерге қиын да жауапты қызмет жолында мықты денсаулық, қажымас қайрат пен жемісті еңбек тілеймін!

Қарулы Күштеріміздің қуаты нығайып, айбыны асқақтап, байрағымыз биік болсын!

 

Құрметті ардагерлер!

 

Сіздер ел шетіне жау тиген шақта қолға қару алып, кең-байтақ Отанымыздың әр қарыс жері үшін жанқиярлықпен күрестіңіздер.

Кешегі қан майданнан аман-есен оралып, елдегі бейбіт өмірді құурдағы еңбектеріңіз бүгінгі  ұрпақ үшін үлгі-өнеге болып қалары сөзсіз.  

Біз бүгінгі бейбіт күнге жеткеніміз үшін Сіздердің ерлік істеріңіз бен соғыстан кейінгі қажырлы қызметтеріңізге мәңгілік қарыздармыз.  

Өкінішке қарай, бүгінде ардагер қариялардың қатары күннен күнге сиреп, біздің арамыздан мәңгілік мекендеріне аттанып жатыр. Қазіргі таңда облысымызда Ұлы Отан соғысының 73 ардагері тұрып жатыр. Оларды көзі тірісінде құрметтеп, төрімізге шығару – біздің қастерлі борышымыз.

Киелі атамекенді қорғауда қаһармандық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ардагерлеріміздің есімдері өскелең ұрпақтың жадында мәңгіге сақталады.

Бүгінгі мереке күні барша ардагерлерге шын жүректен зор денсаулық, құт-береке және ұзақ өмір тілеймін! Шаңырақтарыңызда тек жақсылық пен амандық болсын!

Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

           

Болат Бақауов,

  Павлодар облысының әкімі


08/05/2019 40