Қарызды қайтару – парыз

Успен ауданына қарасты Новопокровка ауылдық округінің әкімі қызметінен босатылды.

Өңіріміздің әдеп жөніндегі уәкілінің мәліметі бойынша өткен жылдың соңы мен осы жылдың басында Новопокровака ауылдық округінің әкімі Дулат Сүйлеменовтің үстінен бірнеше шағым түскен.

– Шағым жасаған азаматтардың айтуынша ол ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлерден қарызға ақша алып, кейін қайтармай қойған, – деді Павлодар облысы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Юрий Фельдман. – Кейбір тұрғындар әкімнің сөзіне сеніп, оған қарызға ақша бергені туралы қолхат та алмаған. Сондықтан да, олар өздерінің қарыздарын сот арқылы қайтара алмай отыр.

Успен ауданына барып, жүргізілген тексерістің нәтижесінде аталған деректер нақтыланды. Атап айтқанда, Дулат Сүлейменов Успен ауданындағы бір кәсіпкерден 300 мың теңге, сонынмен бірге, екі ауыл тұрғынынан 17 және 140 мың теңге қарызға алып, оны қайтармаған.

– Новопокровка ауылдық округі әкімінің бұл әрекеттері жалпы моральдық-этикалық нормаларды бұзып отыр, – дейді Юрий Фельдман. – Сонымен бірге, ол Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 49 бабы мен Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің кейбір нормаларын бұзып отыр. Ауыл әкімінің әрекеттері мемекеттік қызметке қайшы болып табылады.

Әдеп жөніндегі уәкіл Успен ауданының әкіміне Дулат Сүйлеменовті қызметінен босату туралы ұсыныс жасады. 3 сәуір күні Павлодар облысының әкімімен келісу арқылы және Новопокровка ауылдық округінің жергілікті қауымдастығының жиналысының шешімі негізінде Дулат Сүлейменов қызметінен босатылды.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

pressa.ao@pavlodar.gov.kz

 


08/04/2019 32