ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықованың бастаған үкіметтік жұмыс тобы Павлодар облысында іссапармен болды

Жұмыс тобының құрамында – Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, Білім және ғылым министрі – К. Шамшидинова, Денсаулық сақтау министрі – Е. Біртанов,  Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, «NurOtan» партиясының хатшысы  Ф. Қуанғанов болды.

  Вице-премьердің жұмыс сапары Екібастұз қаласындағы бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік объектілерге барудан басталды. «Б. Нұржанов атындағы Екібастұз 1- ҚАЭС» ЖШС базасында Гүлшара Әбдіқалықова Еңбек және әлеуметтік қорғау министрімен бірге қалалар мен аудандардың әкімдерімен, ірі кәсіпорындардың басшыларымен, бизнес-құрылымдармен және кәсіподақ ұйымдарымен кездесті.

– Әр компания әлеуметтік тұрғыда жауапты болуға тырысып, өз жұмысшыларының әлеуметтік және тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша пәрменді шаралар қабылдап, әлеуметтік-еңбек саласын дамытуда әкімдіктерге көмектесу керек. Сондықтан осы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру керек, – деді вице-премьер.

Бұдан кейін олар  «GreenHouse KZ» ЖШС жылыжай кешенін қарап шықты, онда жыл сайын 10 миллионнан аса раушан гүл мен 4 мың тонна қызанақ өсіріледі. Кәсіпорында шамамен 200 адам жұмыс істейді, орташа еңбекақы 120  мың теңгені құрайды. Биылғы жылы шамамен 300 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, онда әлеуметтік аз қамтылған тұрғындардың қатарындағы әйелдер қауымын жұмысқа қабылдауға басымдық беріледі.

      

Содан соң  Г. Әбдіқалықова мен Б. Сапарбаев Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер алған слесарь Нариман Кенжебаев пен станоктардың операторы Қуат Нұркеевтің шаңырақұтарына кіріп шықты. Пәтер алуға қажетті алғашқы жарнаны олар үшін өздері жұмыс істейтін кәсіпорын төлеп берген.

Құрылысы жүріп жатқан Өңіраралық отын-энергетика саласына қажетті кадрларды даярлау және қайта даярлау  орталығында  вице-премьер мен еңбек және әлеуметтік қорғау министрі «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінің қызметімен танысып, жастармен кездесті. Кездесу барысында ауылдан шыққан жас кәсіпкер Г. Әлдібеков өз жоспарларымен бөлісті. Ол  өз бизнесін «Даму» қорының желісі бойынша жеңілдікпен берілетін 2,5 млн. теңге несие алып бастаған. Бүгінгі таңда оның шаруашылығында – 100 жылқы, 77 бас ірі қара мал, 120 қой бар. Г. Әлдібеков өз құрдастарын ауылға келіп мал шаруашылығымен және егін шаруашылығымен айналысуға шақырды, осы ретте ол мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

Жұмыс сапары аясында Гүлшара Әбдіқалықова мен Бердібек Сапарбаев қалалық Жұмыспен қамту орталығына және ХҚКО-на барды. Халыққа қазымет көрсету орталығында болған кезде Гүлшара Абдықалықова көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға ерекше назар аударды. Естеріңізге сала кететін болсақ, 1 сәуірден бастап өңірде жаңа форматтағы АӘК-і тағайындау бойынша өтініштер қабылдау басталды. Осындай көмекті алу үшін отбасының жан абсына шаққандағы айлық табысы 20 789 теңгеден аспауы керек.

– Бізде өтініштер қабылдап жатқан атаулы әлеуметтік көмек бөлімі бар. 1 сәуірден бастап АӘК алуға  1 522 адам өтініш берді, – деп хабарлады вице-премьерге Жұмыспен қамту орталығының мамандары. – Жыл басынан бері бізге 2 900 адам жүгінді. Жүгінетіндердің саны екі есеге артады деп болжап отырмыз, сондықтан АӘК алатын отбасыларға қойылатын талаптар  көбейді.

Үкіметтік топтың кездесуі барысында кәсіптері сұранысқа ие емес павлодарлықтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және қайта даярлау жөнінде айтылды.

– «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша 32 адам білім алуға  жіберілді, қалғандары кесте бойынша – сәуір, маусым айларында оқуға жіберілетін болады. Сонымен қатар, бізде бүгінгі күні мамандығы сұранысқа ие емес азаматтарды қабылдайтын бөлім бар. Біз оларды біз қайта даярылқтан өтуге жібереміз. 29 мамандық бойынша оқытылады, – деп атап өтті Жұмыспен қамту орталығының мамандары.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қазіргі уақытта қалада қанша бос орын барын  және оларға сұраныстың қаншалықты екендігін сұрады.

Жұмыс тобының басқа мүшелері Павлодар облысының аудандарына барды. Білім және ғылым министрі К. Шамшидинова Тереңкөл ауданында болса, Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов Қалқаман ауылындағы ОДА-на барды, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов Павлодардағы және Ақсудағы коммуналдық объектілерге аралады, ал, «NurOtan» партиясының хатшысы  Ф. Қуанғанов – Ақтоғай ауданына барды.

Жұмыс тобының мүшелері педагогика және медицина салаларының өкілдерімен кездесіп, денсаулық сақтау мен білім беру объектілеріне, құрылыс алаңдарына барды, сондай-ақ, азаматтармен жеке қабылдаулар өткізді.  


08/04/2019 207