Үш ай уақыт берді

Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі облыс орталығынан елордаға апаратын автомагистральді қысқа мерзім ішінде аяқтауды тапсырды. 


Роман Скляр жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жолдың төрт учаскесінде болып, мердігерлерге жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары тым созылып кетті.

– Өткен жылы жап-жақсы бастап едіңіздер, енді, сол қарқынға қайта көшу керек, – деді министр мердігер ұйымдардың өкілдеріне. – Жұмыстың кешеуілдегенінен өздеріңіз де шығынға батасыздар ғой. Жұмыс күнін ұзартыңыздар. Бір учаскеде 54 техника бірлігі жұмыс істейді деп берілген. Алайда, көзбен қарағанда ол технкианың жартысы да көрінбейді.

Шідерті кентінің жанында жұмыс істеп жатқан мердігерлер қыркүйектің біріне дейін жолды жөндеп, жол белгілерін кейін орнататындарын айтты. Бұл жауап министрді қанағаттандырмады.

– Созудың не қажеті бар? Жолдың шетін абаттандыруды да осы уақытта аяқтаңдар, – деді ол. – Келесі аптада жол жөндеу жұмыстарының кестесін құрып, аймақтық әкімдікпен келісу қажет.

Сонымен қатар, Роман Скляр «Бозшакөл» тау-кен байыту комбинатында болды. Бұл жоба мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберіндегі басымдықты жобалардың бірі ретінде концентраттағы мыс пен алтынның тұрақты экспортын жолға қоюбға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның қуаттылығы 2025 жылға дейін катод эквивалентіндегі 100 мың тонна мыс пен 120 мың унция алтын өндіруге мүмкіндік береді.

Екібастұзда министр отын-энергетика кешенінің мамандарын даярлау үшін салына бастаған оқу орталығының құрылысында болды. Мердігер ұйымның өкілдерінің айтуынша қазіргі кезде нысанның жертөлелерін басып қалған жер асты суларының мәселесі шешілді. Оқу орталығының әр корпусына дренаж жүйелері өткізілді. Ендігі жерде құрылысшылар қаржының бөлінуін күтіп отыр. Тисті қаражат жақын арада бөлінсе, мердігерлер жұмысты жылдың соңына дейін аяқтауға уәде берді.

Роман Скляр өңірдегі байырғы әрі ірі кәсіпорындардың бірі «Богатырь Көмір» ЖШС-ің жұмысымен танысты. Оның «Богатырь» және «Северный» деген екі кеніші Қазақстанда өндірілетін көмірдің 44 пайызын өндіреді. Кәсіпорын толық қуаттылықпен жұмыс істеп жатыр.  2018 жылы мұнда 45 миллион тонна көмір өндірілді. Сонымен қатар, серіктестік өңірдегі ірі жұмыс берушілердің бірі – қазіргі кезде кәсіпорында 6,5 мың адам жұмыс істейді.

Сонымен қатар, ИИДМ-ің басшысы теміржол кластерінің бірнеше кәсіпорындарында болды. Олардың қатарында теміржол дөңгелектерін шығаратын кәсіпорын мен темір жол мен темір жол составтары үшін құрамдас бөліктер жасап шығаратын зауыт бар.

 

 

Фото Валерия Бугаева


10/05/2019 194