Әйел кәсіпкерлігінің әлеуеті зор

Павлодар облысының кәсіпкер әйелдері өткен жылы жалпы сомасы 300 миллион теңгені құрайтын 113 жобаны жүзеге асырды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңындағы брифингте «Атамекен» кәспікерлер палатасы облыстық филиалының бөлім басшысы Бақытжан Ілиясова айтты.

– Қазіргі таңда бизнес саласындағы әйелдердің үлесі 50%-ға жуық. Яғни, 160 мыңға жуық әйелдер өз кәсібін дөңгелетіп отыр, – деді ол. – Бұл әйелдер қауымының кәсіп ашуға деген қызығушылықтарының оянғанын көрсетеді.

Павлодар облысында әйел-кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетумен айналысатын Іскер әйелдер кеңесі жұмыс істейді.  

– Біздің кеңестің алғашқы әріптестерінің бірі «Халық банк» АҚ-ың облыстағы әрбір бөлімшесінде  «Әйел кәсіпкерлігінің бұрышы» бар. Мұнда олар несиелеу шарттары туралы толық мәлімет алады, – деді Бақытжан Ілиясова. – ERG компаниялар тобы және «Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдердің республикалық кеңесі арасындағы келісімдерге сәйкес Халық банкіне әйел кәсіпкерлерге несие беру үшін 1 миллиард теңге көлемінде бірінші транш аударылды. Осы меморандумның шеңберінде біздің облыстан 58 өтінім беріліп, олардың ішінде жалпы сомасы 30 миллион теңгені құрайтын 5 жобаға несие берілді.

Мемлекет әйел кәсіпкерлігіне көп көңіл аударады. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдауға ие болған кәсіпкер әйелдер өз бизнесін бастау арқылы экономиканың дамуына, сапалы өнімдердің шығарылуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Бақытжан Ілиясова павлодарлық бизнесвумендер халықаралық форумдарға қатысып, шетелдік әйел кәсіпкерлермен тәжірибе алмасып жүргенін атап өтті. Бұл өз кезегінде сыртқы экономикалық байланыстардың дамуына оң әсерін тигізеді.


05/03/2019 137