Әрбір үйге су тартылады

Жыл соңына дейін Май ауданындағы 15 ауыл орталықтандырылған су желісіне қосылады. Бұл ауылдардағы тұрғындардың саны екі мың адамнан асады.

Май ауданына жұмыс сапарымен барған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов су желісін тарту жұмыстарымен танысты. Сәуір айында басталған жұмыстар қараша айына дейін жалғасады. Барлық үйлер Май топтық су құбырына қосылады деп күтіліп отыр. Ең көп тұтынушылар Көктөбе ауылында тұрады, 524 абоненттің ішінен 431 үй орталық су желісіне қосылып үлгерді. Жалпы аудан бойынша орталық суға екі мыңнан астам үй қосылады.

Аймақ басшысы Ертіс ауданындағы су бағасы шарықтап кеткен Беловод топтық су құбырының тағдырын еске салып, жергілікті билікке Май ауданында мұндай жағдайдың қайталанбауын тапсырды. Судың бағасын азайтудың бір тәсілі – топтық су құбырына жаңа ауылдарды қосу болып табылады.

— Мәселен, Май ауданына іргелес жатқан Ақсу қаласына қарасты үш ауылда су құбырларын салу жобалары әзірленді, — деді облыс әкімі. – Бұл жалпы тұрғындар саны төрт мыңға жуық Мәмәйіт Омаров, Құркөл және Еңбек ауылдары. Егер әр ауылдың ішінде ұңғыма қазып, сорғы станцияларын орнатып, басқа да инфрақұрылымды тартатын болсақ, бұл жұмыстар 1 миллиард теңгеге жуық бюджет қаржысын талап етеді. Ал, біз осы ауылдарға Май топтық су құбырынан су желісін тартаын болсақ, ол анағұрлым арзан болар еді. Судың шығындалу көлемі артады, желілерге қызмет көрсететін мамандар бар, әрі судың бағасы да арзандар еді. Осы ұсынысты тез арада зерттеу қажет.

Май топтық су құбырын салу жұмыстары 2010 жылы басталған болатын. Алайда, 2012 жылы құрылыс тоқтап қалды. Жобаға бірнеше рет түзетулер енгізіліп, құрылыс қайта жанданып, ақыр соңында тиісті межесіне жетті.

 

 


10/08/2019 91