Аймағымызда абаттандыру айлығы жарияланды

Он үшінші сәуірден бастап өңірімізде санитарлық тазалық және абаттандыру  айлығы басталады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында белгілі болды.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Әбілқалықов айлық шеңберінде елді мекендердің ішкі аулалары, ірі кәсіпорындардың, шағын және орта бизнес нысандарының жанындағы аумақтар,ды тазалау, қоқыс шығару, ескерткіштерді қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар, аймақ тұрғындарын сенбілікке белсенді қатысуға үндейтін ақпараттық кампания жүріп жатыр.  

– Қоқысты шығару үшін ірі кәсіпорындар мен ұйымдардың тарапынан 994 бірлік қосымша техника жұмылдырылады, –  деді баяндамашы. – Дәстүр бойынша айлық кезінде қоқыс қабылдайтын пункттер тегін жұмыс істейді. 

Елді мекендердің санитарлық жағдайына бақылау жүргізу мақсатында ұйымдастырылған мониторингтің шеңберінде ТҮКШ басқармасының мамандары Павлодар, Успен және Шарбақты аудандарын тексеру барысында келесі деректерді анықтаған. Успен ауданының орталығындағы аудандық ішкі істер бөлімі, мемлекеттік кірістер департаментінің аудандық филиалының және аудандық сот ғимаратының артында қоқыс төгетін орындар табылды. Шарбақты ауылындағы ішкі істер бөлімі мен автобекеттің жанында тау-тау қоқыстар үйіліп жатыр. Сондай-ақ, жиналыста Екібастұз қаласы әкімдігін басқаларға үлгі ретінде атап өтті. Кеншілер шаһарында  тұрғындардың арасында «Үздік аула» және «Үздік подъезд» байқаулары ұйымдастырылып, белсенді қатысушылар  бағалы сыйлықтармен марапатталды.   

Аймақ басшысы Болат Бақауов энергетика және ТҮКШ басқармасы статистикалық деректерді есепке алып қана қоймай, салалық басқарма ретінде абаттандыру үрдісіне қатысып, тазалық пен тәртіп үшін жеке жауап берулері керек деп атап өтті. Облыс әкімі осы мәселені жеке бақылауға алып, өңірдің елді мекендерін санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша іс-шараларды қолға алуды тапсырды.  

Павлодар облысы әкімінің

баспасөз қызметі


09/04/2019 30