Александр Розенбаум ауған соғысында қаза тапқандардың ескерткішіне гүл шоғын қойды

Павлодар қаласына келген белгілі әнші өңір басшысы Болат Бақауовпен кездесіп, ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне жуырда ғана мемориалды кешен ашылған қалалық саябақта болды.

Саябақта Александр Розенбаумды Ауған соғысының ардагерлері мен басқа да қақтығыстарға қатысқандар күтіп тұрды. Олар бірге жаңартылған саябақпен жүріп өтіп, аймақ басшысымен бірге ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

 – Мұндай мемориалды кешендер тұрғызу – Ауған соғысында қаза тапқандарға құрмет, – деді белгілі музыкант. – Олардың көбі бүкіл өмірі алда күтіп тұрған жас жігіттер еді. Оларды ешқашан естен шығаруға болмайды. Себебі олар Отан алдында ант ішіп, әскери борышын өтеу кезінде қайтыс болды. Мұндай кешен Ауған соғысына қатысып, бүгінде аман қалған жандар үшін де қажет. Бұл қазір осында тұрған ер азаматтар үшін өте маңызды.

Әнші Қазақстанда біраз уақыт тұрғанын және біздің елге келуге үнемі қуанышты екенін атап өтті. Сонымен қатар, Александр Розенбаум бес жарым жыл Шығыс Қазақстан облысының Зыряновск қаласында тұрған.

Валерий Бугаевтың фотосы


27/11/2018 251