Астанадан көшіп келді

Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген 19 көп балалы отбасы Екібастұз қаласындағы жаңа үйге қоныстанды.

Астаналық 19 отбасы «Nurly Ertis» бағдарламасы бойынша Екібастұзға көшіп келді. Жаңа қоныста оларды Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қарсы алды.  

– Астанада біз пәтер жалдап тұрдық. Тіпті жертөледе тұрған кезіміз де болды, – дейді қоныс аударушылардың бірі Анар Анафина. – «Nurly Ertis» бағдарламасына қатысу туралы ұсыныс түскенде, біз жұбайымыз екеуіміз ойланбастан келістік.

Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға бұған дейін көшіп келген 35 көп балалы отбасылардың еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамтамасыз етіліп, балалар бақшалар мен мектептерге орналастырылды. Қалалық әкімдіктегілер еңбек күші артық өңірлерден көшіп келушілер үшін тағы да 283 пәтер беруге дайын екендіктерін айтты.

Айта кету керек, Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында Бердібек Сапарбаев балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде болды. «Дара» қайырымдылық қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауының арқасында Екібастұздағы № 2 мектептің базасындағы кабинет жалпы сомасы 52 миллион теңгені құрайтын қаражатқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мұнда емдік физикабинет, Монтессори кабинеті, сенсорлық кабинет,  лекотека және әлеуметтік-тұрмыстық бағыттау кабинеттері бар.

 


01/06/2019 89